БҚО-да шыбын-шіркей мал-жанға маза таптырмай тұр

Биыл Оралда маса азаймай тұр.
Биыл Орал қаласы аумағында дернәсілдер мен масаларға қарсы өңдеу шараларына республикалық бюджеттен 49 млн. жуық теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында мәлім етілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Серікқали Қанапиннің айтуынша, мемлекеттік сатып алулар нәтижесінде аталған қызметті «Дезинфекция» жеке медицина мекемесі атқаруда. «Дезинфекция» облыстық медицина мекемесінің директоры Мұрат Танкеевтің сөзіне қарағанда, өңдеу жұмыстарының бірінші кезеңі биылғы 16 сәуірден бастап Орал қаласы аумағы мен Серебряков, Круглоозерный, Коминтерн, Желаев ауылдарында жүргізіліп, 600 гектар жер қамтылды. Яғни 9 млн. жуық теңгенің жұмыстары атқарылды. Мамыр айының бас кезінен бері жұмыстың екінші кезеңінде көзделген 6 мың гектар жердің 5 мыңнан астамы өңделді.

Бұған 40 млн. теңге жұмсау көзделуде. М.Танкеевтің пікірінше, масаның көбеюіне биылғы ылғалдың молдығы әсер етуде. Жауын-шашын химиялық өңдеуді де тез жойып жібереді. Тағы бір айтатын жайт, саяжай аумақтарына кірудің қиындығы. Орал қаласы төңірегіндегі «Яик» пен «Комарово» саяжай қауымдастықтары ғана өз аумақтарына баратын жолды реттеген, қалғандарына арнайы құрылғымен маса ұялаған жерлерге жету мүмкін емес.

Айта кетейік, биыл Оралда маса азаймай тұр. Әсіресе, кешкі мезгілде үлкен-кішінің сыртта жүруі мүлдем қиын. Ал Жаңақала секілді оңтүстік аудандарда бытықананың (шіркей) көптігінен ит-тауықтар өлуде.

Фото: inform.kz
Следите за новостями zakon.kz в: