Шымкенттің іргесіндегі Телман бөлімшесінде 1,5 жасар бүлдіршін терең шұңқырға құлап кетті. Абырой болғанда бала 6 метр тереңдікке салынған бетонның арасына тұрып қалып, аман қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар бір жарым метр тереңдіктегі темір бетонды арнайы құралдармен бөліп, арасына тұрып қалған бүлдіршінді шығарып алды. Құтқарушылар жасағының жетекшісі Павел Вишенин «егер бала сол бетонның екі ортасына тұрып қалмағанда, алты метр тереңдіктегі шайынды сулар жинайтын шұңқырға құлап кетер еді, онда кішкентай баланың аман қалуы екіталай еді, көрер жарығы бар екен», - дейді.
Кейіннен бүлдіршіннің ата-анасы жедел жәрдем қызметін шақыртқан. Баланы денсаулығын тексерген дәрігерлер оның айтарлықтай жарақат алмағандығын айтып, үйінде қалдырды.
Фото: inform.kz