Павлодар облысында 16-23 маусым аралығында жеті адам судан құтқарылды, оның екеуі - балалар, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобы хабарлады.
- 18-маусым күні Усолка өзенінде 37 жастағы ер азамат пен 28 жастағы әйел адам ажал аузынан аман қалды. Олар алкогольді ішімдік қолданып, өзенде шомылған. Сонымен қатар бұл күні 14 жастағы бала Лермонтов жағалауында судан шығарылды. 21-маусым күні суға батып кете жаздаған 35 жастағы екі ер азамат, 22-маусымда 14 жастағы жасөспірім жағаға аман жеткізілді. Ал, Баянауыл ауданы Жасыбай көлінде қайықтан секірген 23 жастағы жігіт суда тұншығып қалуға сәл қалды. Абырой болғанда, жедел құтқару жасағының құтқарушылары оны дер кезінде аман алып қалды, - дейді басқарма мамандары.
Еске салайық, Павлодарда шомылу маусымы ресми түрде 17-маусым күні өзен портында ашылды. Өңірде ресми түрде 13 жағажай жұмыс істейді.
Оның біреуі - Усолка орталық жағажайы болса, екіншісі - Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде. Қалған 10 жағажай Баянауыл ауданының демалыс базасында орналасқан.
Шомылу маусымында 62 қоғамдық құтқарушы кезекшілікке шығады. Оның 42-сі жедел құтқару жасағында арнайы дайындықтан өтіп, сертификат алған. Алдағы уақытта құтқарушылардың санын 100-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Абзал Қабдраш
Фото: Рavlodarnews.kz