Шалқар көлінде төрт бірдей жас жігіт құтқарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушы-психологы Ләйла Әбдірахманованың айтуынша, Теректі ауданы Сарыөмір ауылындағы №5 құтқару бөлімшесінің қызметкерлері көлдің жағасынан 1,5 шақырымдай жерде ағып бара жатқан үрмелі матрасты байқап қалады.
Сөйтсе, үстінде төрт адам бар матрасты күшті жел жағадан алысқа алып кеткен екен.
Оларды құтқарушылар жағаға алып шықты. Жағдайлары қанағаттанарлық болғандықтан, медициналық көмек көрсетілген жоқ. Дегенмен оларға судағы қауіпсіздік ережесін түсіндіруге тура келді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында Шаған өзенінде 12 және 5 жасар бала құтқарылған болатын.
Фото: inform.kz