Апта бойы толассыз жауған жауындар сапасыз салынған үйлерді анықтап берді. Соның бірі Павлодарда. Бүгін таң алакеуімде көпқабатты үйдің төбесі құлады, деп жазады "Еуразия" бірінші арнасы.
Бақытқа орай, ешкім жапа шекпеді, бірақ тұрғындардың зәрелері ұшып, шошып қалғаны анық. Сондай-ақ дәл осы Керекуде шаһардағы аса ірі сауда үйлерінің бірінде де оқыс оқиға болды.
Апта бойы еліміздің бірқатар өңірлерінде толассыз жаңбыр жаууда. Нөсерден Павлодар тұрғындары да біраз әбігерге түсті. Сапасыз салынған үйлер мен ғимараттар құлап, зәресін қашырған.
Қалада тоқтаусыз жауын жауғанына 1 апта болды. Арасында кесек-кесек бұршақ та бар. Оның салдарынан үйлер мен ғимараттар қирауда. Бұл қаладағы мен деген ірі сауда үйлерінің бірі.
Мына кадрларда оның төбесінің жартысы опырылып, ішіндегілердің зәресін ұшырғанын көруге болады. Сел боп жауған жауын ғимараттың ішіне құйылуда. Абырой болғанда, зардап шеккендер болған жоқ. Болар іс болған соң, енді саудагерлер ішіндегі суды сорғыта алмай әлек. Әуреге түскен павлодарлықтар үшін жауынның жыры осымен бітпеді. Көпқабатты тұрғын үйдің төбесі құлап, жоғарғы қабаттағы пәтердің бір бөлмесін қиратқан.
«Таңғы сағат 5-те тарс еткен дауысты естідік. Қатты шошып кеттік. Көршіміздің төбесі құлаудың аз-ақ алдында қалыпты. Ал, көршілерімізбен қабырғалас бөлмедегі диванда менің балам ұйықтап жатқан. Ешкім зардап шекпегеніне шүкір деп отырмыз» — қала тұрғыны Татьяна Михнева.
Қатты нөсердің салдарынан 12 қабатты үйдің жоғарғы техникалық бөлігі жылдар бойы жөндеу көрмей, тозығы жеткендіктен, опырылып түскен. Қазір оқиға орнына құрылысшылар келіп, жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
«Мынау үйді салған жұмыскерлер дұрыстап салмаған. Захват плитаның аз болып, жұмыскерлер ағаш салып қойған. Плита астына кеткен жоқ. Түгел кісілер аман болып, жүріп жатыр енді. Енді мынау плита құлағанда қатты түссе, бірінші этажға жетуші еді» — құрылыс компаниясының басшысы Рустам Қадырбеков.
Мамандар монолитті плиталардан жасалған үйдің жоғарыдан төменге бірақ опырылу қаупі бар дейді. Өйткені оның салмағы 6 тоннаға жуық. Шұғыл түрде плиталарды айырбастап, қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Ал, тұрғындар болса, болған жағдайдан үрейі ұшып, баспанадан айрылудың аз-ақ алдында отыр.
Фото: 1tv.kz