Қарағандыдағы көп пәтерлі барақ үйде 10 пәтер өртеніп кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Он отбасы баспанасыз қалды - бұл 16 баланы қосып есептегенде 37 адам. Қазір олардың басым бөлігі туысқандарының үйіне көшірілді, қалғандары колледждердің жатақханаларына тегін орналастырылды. Қарағанды облысы әкімдігінде зардап шеккен отбасыларына қандай да бір көмек көрсету мәселесі қарастырылып жатқандығы айтылды.
«Әзірге нақты ештеңе айта алмаймыз. Аппарат басшысы Бахтияр Омарханов жағдайды толықтай анықтап жатыр», - деді Қарағанды әкімі аппарат басшысының қабылдау бөлмесі.
Қарағанды облысы Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Вадим Гормаков апат салдарынан баспанасыз қалған отбасыларына бизнес өкілдерінің қолдауын күтетіндігін жеткізді.
«Баспаналарды қалпына келтіруге көмектесе алатын жеке меншік компаниялар және қайырымдылық ұйымдарымен келіссөздер жасалып жатыр», - деді Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Вадим Гормаков.
ТЖ департаментінің баспасөз қызметінде хабарлағанындай, Вагонная көшесіндегі 25-інші үйдің өртеніп жатқандығы жайлы хабарлама кезекші бөлімге 3 шілде күні сағат 23.56-да түскен. «Өрт кезінде пәтерлерден екі баланы қосқанда сегіз адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Сондай-ақ, екі газ баллоны шығарылды. Өрт аумағы 500 шаршы метрді қамтыды. Үй жабдықтары, жиһаздар, ағаш жабындылар өртенді.
Сағат 2.21-де өрт толықтай сөндірілді», - деді Қарағанды облысындағы ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Айдана Жүніс. Өрт себебін сараптама нәтижесі анықтайды.
Фото: inform.kz