Іле ауданына қарасты Әли деп аталатын ауылда 90-ға жуық үй суға зәру болып отыр. Аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекенде әлеуметтік мәселелер қордаланып қалған. Сапалы ауыз су мәселесі шешімін әлі күнге дейін таппаған. Соның салдарынан жергілікті тұрғындар жетім баланың күйін кешуде, деп жазады Алматы телеарнасы.
Бұл Әли ауылы тұрғындарының күнделікті әдетке айналған тіршілігі. Жұрт жапа-тармағай бос ыдыстарын арқалап, ауыл шетіндегі су ұңғымасына күніне бірнеше рет барады. Аптап ыстықта күнге қақталса, қыста қырдағы дөңге түсіп-міну халықты азапқа салады.
Ал ауыл әйелдері жаз келе ұңғыма маңында осылайша кір жууды қалыпқа айналдырыпты. Себебі, олар қайта-қайта арық басынан су тасудан әбден діңкелері құрыған.
«Сумен алып бара жатқан кезде балшыққа тайғанақтап неше рет құладық біз мысалы. Бізге су керек 4 баламмен, 10 баламен оытрған адамдарға қиын. Біз анау көшенің аяқ жағында тұрамыз. Маған мысалы 5 литрлік баклашкалармен суды мен кешке шейін 15-20 рет тасимын. Өйткені менің балаларым кішкентай, су тасыған маған қиын болып жатыр. Міне мына жерге кір жуамыз осы жерге паластарымыздың сүйреп, әкеліп жуамыз»,- деді Облыс тұрғыны, Раушан Мәсімғазиева.
Бөкеев көшесінің жұрты 10 жылдан бері ауыз суға бір жарымаған. Содан бері халықтың барар жері, басар тауы қалмапты. Талай рет ауылдық, аудандық әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Бірақ одан мардымды нәтиже болмапты.
Жергілікті әкімдік тұрғындарға су құбырын халықтың өздері сатып алуларын ұсынған. Бұған да көнген тұрғындар тіпті 50 мың теңгеден жинаған да көрінеді. Алайда, тағы құдық пен басқа да қажетті құрылғылардың керектігін естіген халық қаржы жинаудан бас тартыпты. Ал жауаптылар бұл мәселеден бұрыннан хабардар.
«Әли ауылында су жоғын біз біліп отырмыз. Бірақ бүгінгі күнде қаражат бөлмеген себебінен ол жұмыс жасалмаған. Қазіргі таңда, біз бюджетный заявка беріп отырмыз. Құжаттарды жасау үшін, құжаттар жасалынып, сосын қаражат бюджеттен бөлініп жатса сол уақытта су құбыры жасалынады»,- деді Байсерке ауылдық округінің әкімі, Тілеукен Көпбаева.
Елді-мекенге жауапты әкімнің сөзінше, қазір су құбырларын жүргізуге арналған жобалық сметалық құжат дайын. Енді бюджеттен тиісті қаржы бөлінсе, көшеге су тартылады. Бірақ тұрғындардың мұны тағы бір жыл күтуіне тура келеді.
Назкен Байтілес, Нұржан Оразбеков
Фото: otyrar.kz