Атырауда борышкер қарыз берушіні қуамын деп жол апатына ұшырады, деп хабарлайды BAQ.kz ақпарат агенттігі.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атырау-Индер тасжолында адам өлтіру оқиғасы бойынша қылмыстық іс қарады.
Сотта анықталғандай, жәбірленушілер мен борышкер Атырау-Индер тасжолының бұрылысында кездеседі. Борышкер оларға 160 000 теңге берешек болған.
Кездесу барысында олардың арасында дау туындап, жәбірленушілер автокөліктеріне отырып, кездесу орнынан кетуге бел буады. Ал борышкер болса өз көлігіне отырып алады да, оларды соңдарынан қуып жетіп, жәбірленушілердің автокөліктерін қасақана бірнеше рет соғады. Соқтығыс нәтижесінде жәбірленушілердің автокөлігі аударылып, жәбірленушілердің біреуі оқиға орнында қаза табады. Қалған екі жәбірленуші түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.
Сот үкімі бойынша борышкер болған адам ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 6-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Фото: Baq.kz