Павлодар облысының прокурорлары бір жылдан аз уақыт ішінде заңнаманы бұзушылықпен пайдаланылатын жалпы ауданы 380 мың га астам 1 200 жер телімін анықтады. Мемлекетке 123 мың га жер қайтарылып, 36 мың га жер қайта айналымға түсті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық прокуратураның хабарлауынша, өнеркәсіптік болып саналатын өңірімізде агросектор дамуда. Жер қатынастары басқармасының мәліметтері бойынша Павлодар облысының жалпы жер ауданы 12,5 млн. га болады. Бұл аумақтың 90 пайызын ауылшаруашылық жерлері: егістіктер, шабындықтар, жайылымдар алып жатыр. Облыс халқының 30 пайызы осы аудандарда тұратынын айтып өткен жөн. Бірақ соңғы 10 жыл ішінде ауыл тұрғындарының саны 255 мыңнан 224 мың адамға азайды. Облыс прокуроры Серік Қараманов 2016 жылғы шілде айында әріптестерінің назарын осы мәселеге бұрған болатын.
- Өткен жылдың екінші жартыжылдығында прокуратура қызметкерлері - жергілікті атқару органдарымен бірлесіп заңнаманы бұзушылықпен пайдаланылатын 815 жер телімін анықтады, олардың жалпы ауданы 225 мың гектардан асып түсті. 84 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды, 16 мың гектар жер телімі қайта айналымға түсті, - деп қорытынды жасады Серік Қараманов. – Осы жылдың 5 айында 409 жер телімі анықталды (екі есе азайды, алайда әлі де болса бар), бұл шамамен 105 мың гектарды құрайды. Мемлекетке 38,8 мың гектар жер қайтарылды, 20 мыңдайы қайта айналымға түсті.
Успен ауданында прокуратура ұсынымдарын қарау нәтижесі бойынша мемлекет меншігіне «Дильназ» шаруа қожалығының 358 га егістік жері (пайдаланылмаған жер) қайтарылды, конкурс қорытындысы бойынша ол жер «Мансұр» фермерлік қожалығына берілді. Өткен жылы Успен ауданында «Двин» қожалығына (бұл ШҚ иесі басқа елдің азаматы) заңсыз берілген 900 га егістік прокуратураның жүргізген жұмысының арқасында мемлекетке қайтарылды, ал ағымдағы жылдың мамыр айында бұл жер ашық конкурс нәтижесі бойынша басқа пайдаланушыға берілді. «Белоцерковский» ЖШС-на бекітілген бір жарым мың га егістік және 1,8 мың га басқа да ауыл шаруашылық жерлері ұзақ уақыт бойы пайдаланылмаған. Енді бұл құнарлы жерлерді «БИК» шаруа қожалығы басқарып отыр.
Павлодар облысы Жер қатынастары басқармасының басшысы Руслан Даутбаевтың мәліметі бойынша жауапсыз жер пайдаланушыларға қолданылатын тиімді шаралардың бірі – ауылшаруашылық мақсаттағы пайдаланылмайтын жерге салықты он есе көтеру. 2017 жылғы 5 мамырдағы жағдай бойынша 54 жер пайдаланушы көтерілген мөлшерлемемен жалпы сомасы 4,4 млн. теңге салық төлеген, бұндай жазаға 179 жер пайдаланушы тартылды – қазынаға 18 млн. теңге түсті. Нәтижесінде жер иелері 21 мың га жерден өз еркімен бас тартты. Прокуратураның ұсынымы бойынша аймағымызда жерді бақылау үшін Жерді қашықтан барлап қараудың ғарыштық жүйесі пайдаланыла бастады. Мұндай қызметті «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ ұсынып отыр. Мәселен, Железин ауданында ауылшаруашылық жерлерін нақты карталауға 3,1 млн. теңге қарастырылды. Павлодар билік орындары жерлерді, инженерлік желілерді, су қорғау аймақтарын түгендеу және қала құрылысы құжаттамаларын салыстыру үшін облыс орталығы аумағын суретке түсіруге 16,5 млн. теңге жібереді. Екібастұз әкімдігі жерді түгендеу және жер телімдерін өздігінен басып алу жағдайларын анықтау мақсатында шарт аясында 11 млн. теңгеге замануи технологияларды пайдаланады.
Руслан Даутбаев хабарлағандай, Ауылшаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің 2016 жылғы аналитикалық есептерінің мәліметтері бойынша Павлодар облысы еліміздің өңірлері ішінде салық түсімдері бойынша (18 млрд. теңге) 3 орында және жалға беру төлемдері бойынша 2 орында (2,3 млрд. теңге) тұр. Осы жылдың 3 айында ғана бюджетке жер пайдаланушылардан 1,14 млрд. теңге түсті.
Фото: Рavlodarnews.kz