Маңғыстау түбінде алып су жәндігінің сүйегі табылды

Ғалымдар атап өткендей, плезиозаврдың сүйегі 36 ірі омыртқадан тұрады
Ежелгі су жәндігі, болжам бойынша плезиозаврдың сүйегі Маңғыстау түбінде құм арасынан табылды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.

Жәндікті тапқан жұмысшылар ірі көлемді сүйектерді жергілікті музейге алып келген, ғалымдардың айтуынша, олар ежелгі су жәндігі – плезиозаврға тиесілі болуы мүмкін. Ол осыдан 80-100 миллион жыл бұрын Тетис мұхитын мекендеген.

Музей маманының айтуынша, Мәскеуден РҒА геология институтының фанерозой стратиграфиясы зертханасының ғылыми қызметкері Николай Зверьков келген, ол сүйектердің көне дәуірде өмір сүрген жәндікке тиесілі екенін растады. Сүйектің суреттері Санкт-Петербург қаласына жіберілген, мәскеулік ғалымдар да бұған қызығушылықтарын білдіріпті.

Ғалымдар атап өткендей, плезиозаврдың сүйегі 36 ірі омыртқадан тұрады, ұзындығы шамамен 3,5 метр, ал жалпы жәндік денесінің ұзындығы 12 метрге дейін жетеді.

“Бұл жәндіктердің мойны өте ұзын – 5 метрге жуық, ал басы кіп-кішкентай. Николай Зверьков айтқандай, олар жылан мен тасбақаға ұқсайды. Балықпен қоректенген, яғни жыртқыш жәндіктер. Мезозой дәуірінің соңына қарай жойылып кеткен”, — дейді Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі табиғат бөлімінің маманы Людмила Быкова.

Фото: sputniknews.kz
Следите за новостями zakon.kz в: