Сайрам-су шатқалы өртке оранды

Туристер "тілсіз жаудың" салдарынан табиғатқа едәуір зиян келгенін айтып отыр.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданының аумағында орналасқан Сайрам-су тау шатқалынан өрт шықты. Жергілікті туристердің айтуынша, жалын шарпыған аумақ ауқымды болғандықтан оны сөндіру ұлттық парк қызметкерлеріне қиынға соққан, деп жазады okg.kz.

Шымкент қаласының тұрғыны Антон Даниловтың әлеуметтік желідегі мәліметіне сүйенсек, Ұлттық паркке қарасты аумақта өрт біраз жерді алып кеткен. Оны ауыздықтау үшін табиғат қорғаушыларына тауға арнайы техникамен шығып, сөндіруге тура келіпті. Бірақ жалын жан-жаққа тез тараған. Оқиға орнында болған куәгерлер тауда негізінен құрғақ шөп өртеніп, Сайрам су шатқалына жетті деп отыр. Себебі, онда аршалы орман бар екен. Ол ағаштар өртенгенде майы шығып, жалынды одан сайын үдететіп жіберген. Өңірдің төтенше жағдайлар қызметі өртке қатысты нақты мәлімет таратқан жоқ.

Алдын ала деректер бойынша, демалушылардың ас әзірлеу үшін отын жаққанда өрт шығып кеткен болуы мүмкін. Белгілісі, өрт кеше кешкі сегізге дейін сөндірілген. Туристер "тілсіз жаудың" салдарынан табиғатқа едәуір зиян келгенін айтып отыр.

Фото: okg.kz
Следите за новостями zakon.kz в: