Жамбыл облысында өткен тәулікте суға батып кеткен үш жағдай тіркелді, деп хабарлады өңірдің ТЖД-ге сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Жамбыл облысы, Ақбұлым ауылында «Базарбай» арнасында суға шомылып жатқан 7 жастағы бала батып кеткен. Оның мүрдесін жергілікті тұрғындар алып шыққан. Мойынқұм ауданы, Ұланбел ауылында, Шу өзенінде жабдықталмаған орында шомылып жатқан 39 жастағы ер адам суға кеткен. ТЖД құтқарушылары (4 адам, бір техника) ІІБ (2 адам, 1 техника) қызметкерлері мүрдені судан алып шықты. Қордай ауданында, Қарасау ауылында, ересек адамдардың қарауынсыз қалған бір жасар бала арыққа құлап, батып кеткен. Оның денесін туыстары алып шықты», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жамбыл облысы ТЖД ақпаратына сәйкес жыл басынан бастап облыста суда 29 оқыс жағдай тіркелген. Онда 30 ересек, 20 бала қайтыс болған.
Фото: inform.kz