Қазақстан Республикасы Конституциясының 25, 26 баптарына сай, соттың шешімінсіз ешкімді тұрғын үйден шығаруға, өз мүлкінен айыруға болмайтыны, заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілетіні көзделген. Аталған санаттағы азаматтық істер Қазақстан Республикасы Азаматтық Процестік Кодексінің талап қою бойынша іс жүргізу ережелеріне сай, осы Кодекстің 250 және 251 баптарының талаптарына сай қаралған. Қазіргі уақыта соттардағы азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралатын істердің саны бұрынғы уақытпен салыстырғанда біршама азайғаны байқалады, деп жазады zakon.kz.
Істердің 2016 жылдан бері азаю себебі, бұл жаңа Қазақстан Республикасы Азаматтық Процестік Кодексімен соттардың ведомстволық бағыныштылығына өзгеріс енген.
Атап айтқанда, осы Кодекстің 23 бабының 9 бөлігіне сай,
1) қылмыстық істі тергеу кезінде қылмыстық қудалау органы;
2) қылмыстық құқық бұзушылық жасау заты немесе құралы болып табылатын мүлікті мемлекеттің кірісіне айналдыру туралы үкімі (қаулысы) негізінде;
3) соттың әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы немесе затын тәркілеу туралы қаулысы негізінде салынған, адамдардың мүлкіне қатысты мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қоюлар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды.
Жаңа Кодекстің талабына сай қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге қатысты мүлікке салынған тыйымдар Қылмыстық Процестік Кодексінде және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексімен белгіленген тәртіппен қаралады.
Заңның осы талабы соттармен дұрыс орындалып келеді.
Мысалы: 20 қаңтар 2016 жылы Қызылорда қалалық сотымен арызданушы Рахметовтің Қызылорда облыстық Ішкі істер Департаментінің қаулысының күшін жою және мүлікті тыйымнан шығару туралы арызы сот өндірісіне қабылдаудан бас тартылған.
Арыздың мазмұнына қарағанда, арызданушы Рахметов Қызылорда қалалық № 2 сотының үкімімен Қылмыстық Кодекстің 175 бабы 2 бөлігі «а» тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленбей, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Аталған қылмыстық іс бойынша тергеу кезінде Қызылорда облыстық Ішкі істер Департаменті тергеушісінің қаулысымен арызданушының меншігіндегі Қызылорда қаласы Профилактик аумағы 19 үйге тыйым салынған. Арызданушы соттан тергеу органымен қылмыстық қудалау кезінде салынған мүлкін тыйымнан босатуды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық Процестік Кодексінің 23 бабы 9 бөлігіне сай, бұл іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды.
Осы Кодекстің 151 бабының 1 бөлігіне сай, егер арыз азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, судья талап қою арызын қабылдаудан бас тартады.
Сондықтан, арызданушы Рахметовтің Қызылорда облыстық Ішкі істер Департаменті қаулысының күшін жою және мүлікті тыйымнан босату туралы арызының қабылдаудан бас тартылуы заңға сәйкес келеді.
Сондай-ақ, осы Қызылорда қалалық сотының 26 ақпан 2016 жылғы талап қоюшы Санаевтің жауапкер Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментіне автокөлікті тыйымнан босату жайлы талабы қабылдаудан бас тартылған.
Санаев талап қою арызында меншігіндегі «Мерседес Бенс» маркалы мемлекеттік тіркеу нөмірі N730 МЕМ автокөлігін қаржы полициясының қаулысымен қойылған тыйымнан босатуды сұраған.
Аталған дау Қазақстан Республикасы Азаматтық Процестік Кодексінің 23 бабына сәйкес азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деп танып, судья талап қою арызын қабылдаудан бас тартқан.
Мүлiкті тыйым салудан босату туралы талап қоюлар борышкерге және өндiрiп алушыға беріледі.
Мысалы: Қызылорда қалалық сотының 24 маусым 2016 жылғы шешімімен талап қоюшылар: Уланов, Бегманов, Ахметовтің жауапкер жеке сот орындаушы Табылдиеваға, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға Казкоммерцбанктен мүлікті тізімдемеден шығару туралы талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшылар сотқа берген талаптарында жеке сот орындаушының сот шешімін орындауды бір жыл мерзімге кейінге қалдыру туралы арыздарын қанағаттандырмағанын, оның бұл әрекетін заңсыз деп танып, жылжымайтын мүліктерін тізімдемеден шығаруды сұраған.
Сот орындаушының әрекетінде заң бұзушылықтар орын алмаған, сот шешімін орындау шегінде Банкте кепілде тұрған жылжымайтын мүліктерге тыйым салынған, атқарушылық іс жүргізудің толық орындалмауына байланысты тыйымның күші жойылмайды, деп сот дұрыс тұжырым жасаған.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Азаматтық Процестік Кодексінің 251 бабының 3 бөлігіне сәйкес мүлiкті тыйым салудан босату туралы талап борышкерге және өндiрiп алушыға беріледі, алайда, талап қоюшылар талаптарын жеке сот орындаушыға берген.
Сондықтан, талап қоюшылардың сотқа берген талабы негізсіз, қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деп санаған.
Мана айтып кеткеніміздей, жаңа дау Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 23 бабының 9 бөлігінің талабына сай қылмыстық қудалау органымен және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша мүлікке салынған тыйымдар өз салалары бойынша қаралады.
Қылмыстық қудалау органымен мүлікке салынған тыйым Қылмыстық процестік кодексінің 163 бабына сай тергеу судьясымен қаралады. Материал сотқа келіп түскеннен бастап 24 сағат ішінде қаралады. Яғни, қылмыстық қудалау органымен мүлікке салынған тыйымның заңдылығы қысқа мерзім ішінде шешімін табады.
Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша мүлікке салынған тыйымның заңдылығына осы Кодекстің 44 тарауының талабына сай іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекетіне шағым жасау арқылы баға беріледі және шағым сотқа түскен күннен бастап он тәулік ішінде қаралады.
Азаматтық сот ісін жүргізуде мүлiкті тыйым салудан босату (тізімдемеден алып тастау) санатындағы дау талап қою ісін жүргізу тәртібімен қаралатындықтан, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 183 бабының 2 бөлігіне сай, сот істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде қарап шешеді.
Мысалы: Қызылорда қалалық сотының 24 ақпан 2016 жылғы шешімімен талап қоюшы Саматовтың жауапкер Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына аукционнан сатып алған жылжымалы мүлікті тыйымнан шығару туралы талабы қанағаттандырылған.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы апелляциялық шағымында, сатушы «Фирма АШАЙ» ЖШС-інің мемлекет алдында 159 075 теңге салықтық берешегі бар екенін, сондықтан сол соманы төлемейінше тыйымнан босатудың заңсыз екендігін көрсетіп бірінші саты сотының шешімін бұзуды сұраған.
19 қазан 2016 жылғы электронды аукционның хаттамасына сай, талап қоюшы Саматов №13121 лоты бойынша жеңімпаз деп танылып, мемлекеттік тіркеу нөмірі N749 СВ 2009 жылы шығарылған Q25K маркалы автокранды иеленген.
Электронды түрде өткізілген аукционның нәтижесіне сай, жеке сот орындаушы Сарыбаев пен талап қоюшы Саматовтың арасында 24.10.2016 жылы жоғарыда аталған автокөлікті сатып алу-сату келісім-шарты жасалған.
Сондықтан, жеке сот орындаушымен өткізілген электронды аукционда мүлікті адал сатып алынғаны, талап қоюшы Саматовтың тарапынан автокөлік бағасы 8 758 910 теңгенің толық төленгені ескеріліп, сот актісі апелляциялық алқамен өзгеріссіз қалдырылды.
Бұл ретте, талап қоюшы Саматовтың «Фирма АШАЙ» ЖШС-інің алдында қандайда бір берешегінің болмауы, мүлікті барлық шарттарды орындағаннан кейін ғана заңды иеленуі ескерілген.
Сонымен қатар, сот тәжірибесінде дұрыс көңіл бөлмеушілік салдарынан уақтылы тыйымнан босату мәселелеріне қатысты дау туындағаны да кездеседі.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 155 бабына сәйкес, іске қатысатын адамдардың арызы бойынша соттың талап қоюды қамтамасыз етуі үшін шаралар қолдануы мүмкін. Талап қоюды қамтамасыз етуге егер мұндай шараларды қабылдамау сот шешімін орындауды қиындатса немесе оның орындалуын мүмкін етпесе істің барлық жағдайларында да жол беріледі.
Мысалы: талап арыз берер алдында талап қоюшы «КМF» Микрокредиттік ұйым» ЖШС-і Қызылорда филиалының директоры талапты қамтамасыз ету жөнінде Шиелі аудандық сотына арыз келтірген.
Соттың 30.03.2016 жылғы ұйғарымымен жауапкер Мырзалиевке тиесілі жылжитын және жылжымайтын мүліктеріне, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердегі есеп-шоттарына /салымдық, карточкалық, валюттік/ бағасы 131 413 теңге көлемінде тыйым салынған.
Яғни, соттың негізгі шешімі шыққанға дейін жауапкердің 131 413 теңгесіне тыйым салынған.
Іс құжаттарын зерттеу көрсеткендей, Шиелі аудандық сотының 19.04.2016 жылғы шешімімен талап қоюшы «KMF» микроқаржылық ұйым» ЖШС-нің жауапкер Мырзалиевтен микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз сомасын және мемлекеттік бажды өндіруді сұраған талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
Яғни, жауапкерден негізгі қарыз сомасы - 127 385 теңге және 3822 теңге көлемінде төленген мемлекеттік бажы өндірілген, ал 200 теңгедей пошталық шығындары дәлелденбеген соң, сотпен тек барлығы 131 207 теңге өндірілген. Осы сомаға қатысты тиісті атқару құжаты беріліп орындалған.
Демек, бұл екі соманың екі түрлі болуы, сот актілеріндегі қате жазба болып есептелмейді.
1/. 131 413 теңге – бастапқы талапты қамтамасыз етуге және орындауды оңайлату үшін қойылған сома.
2/. 131 207 теңге - сот шешіміндегі нақты төленуге тиіс сома.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 160 бабының 2 бөлігіне сай, талап қою қанағаттандырылған кезде оны қамтамасыз ету жөніндегі шаралар сот шешімі орындалғанға дейін өзінің қолданысын сақтайды. Қамтамасыз ету жөніндегі шараларының күшін жою туралы атқару құжаты жазылмайды.
Өз кезегінде атқарушылық құжаттың орындалуы аяқталған соң, «КМF» Микрокредиттік ұйым» ЖШС-інің директорының тыйымның күшін жою туралы арызына сәйкес, соттың 11.01.2017 жылғы ұйғарымымен бастапқы салынған 131 413 теңге сомасына тыйымның күші жойылған.
Қазақстан Республикасы «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңының 1 бабына сай, сот актiлерi мен судьялардың өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiндегi талаптарын барлық мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға мiндеттi.
Сондықтан, 11.01.2017 жылғы тыйымнан босату ұйғарымын барлық банктер мен заңды тұлғалар мүлтіксіз орындауға міндетті.
Егер, банктер тарапынан тыйымды жою ұйғарымы орындалмаған жағдайда, қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылық туындалатыны ескерілуге тиіс.
Сол себепті, сотпен бұрын тыйым қойылып, кейіннен сол сотпен күші жойылып кеткен тыйым сомасына өзгеріс енгізу заңсыз әрі негізсіз болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында, бірінші саты сотының ұйғарымына өзгеріс енгізуге немесе оның күшін жоюға негіз болатын заңды негіздер анықталмағандықтан, алқа сот ұйғарымы өзгеріссіз, жеке шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты.
Шолпан Маликова, Қызылорда облыстық сотының судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші
Фото: liter.kz