Түркістанда қымыз бен шұбаттан ұнтақ жасайтын зауыт салынып жатыр

Өнім Қытай, Біріккен Араб әмірлігі мен Еңропа елдеріне экспортталады.
Қазақстан мен қытайлық компания бірлесіп қолға алған жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ доллар. Зауыт жылына 33 мың тонна сүт өңдеуге қауқарлы. Бұл еліміздегі баламасы жоқ алғашқы ірі кәсіпорын болмақ. Отандық өнім сәтін салса Тәуелсіздік күні шығарылады, деп жазады Хабар 24 арнасы.

Дәрумендік қасиеті бар ұнтақ әлемдегі алпауыт елдердің нарығына шығарылады. Бұл «100 нақты қадамда» Ұлт жоспарында айтылған сүт және сүт өнімдері өндірісін дамытуға бағытталған алғашқы стратегиялық инвестициялық жоба болып отыр. Шұбат пен қымыздан ұнтақ жасайтын зауыт Қазақ тарихындағы ең ірі әрі алғашқы кәсіпорын болмақ.

Шығыстағы алпауыт елдің кәсіпкерлері мен жергілікті іскер азаматтар істі бастамас бұрын ішкі нарықты толықтай зерттеп шыққан. Отандық өнімге әлемде сұраныс та жоғары. Ал, Түркістан тоғыз жолдың торабына орналасқан. Оған қоса өңірдегі бір өркешті Аруана сүтті көп береді және майлылығы жоғары. «Одан алынатын өнім түрі де көп болады», – дейді мамандар.

Өнім Қытай, Біріккен Араб әмірлігі мен Еңропа елдеріне экспортталады.

“Түркістан бұл түйе шоғырланған аумақтың ортасы болып есептеледі. Яғни жан-жақтан жинауға логистикалық қолайлы. Бастапқы кезде 100 тоннаға жетпейді. Барынша жинаймыз. Ары қарай 1-2 мың бас түйе ұстаймыз. Одан әрі түйе сүтінен косметика, шампун, сабын қосу жоспарда тұр”, – деді бірлескен кәсіпорынның бас директоры Жазира Озатқызы.

Бұл жоба еліміздің агро секторын дамытуға негіз болмақ .Өйткені кәсіпорын тәулігіне 100 тонна сүтті терең өңдеуге қауқарлы. Демек шұбат пен қымыз өзге облыстардан да тасымалданады. Рухани астанадан зауыттың ірге тасының қалануы осы өңірдегі шаруаларға тың серпін берді. Өйткені әрбір фермер күні бүгінге дейін сұранысқа қарай сүт сауатын. Енді ауылдағы ағайын түйе санын арттырып ата кәсіпті жандандыруға құлшынып отыр.

“Бұрынғыдай әр жерге барып біреуге 10 литр, біреуге 100, біреуге 30 литр өткізіп сандалмаймыз. 1-2 тонна болса да бір жерге өткіземіз біріншіден. Екіншіден осы өткізген сүтімізге мемлекет үстеме ақы төлейді. 100 түйем болса соның қазір 40-ын ғана сауамын. Сұраныс болса бәрін саууға мүмкіндік бар. Бұл үлкен күш”, – дейді шаруа Жәңгір Исмайлов.

Түркістан қаласында алдағы уақытта тағы бір ірі жоба шетелдік инвесторлардың көмегімен жүзеге аспақ. Полшалық кәсіпкерлер үйден шыққан қоқысты терең өңдейтін зауыт салуға ниет білдіріп отыр екен. Жалпы өңірге қаржы құямын деген инвесторға қажетті жер индустриялды аймақтан қарастырылып қойған. Бір сөзбен айтқанда Ұлы жібек жолы бойында орналасқан тарихи қалада Ұлт жоспарының жүйелі орындалып келе жатқаны көңіл көншітеді.

Фото: Хабар 24
Следите за новостями zakon.kz в: