Алаяқтар шығысқазақстандықтардың банк карточкасынан 1,5 млн теңгеден астам қаражатты ұрлап кеткен

Ішкі істер департаментінен мәлім еткендей, облыстың 56 тұрғыны осындай кибер-қылмыскерлердің қармағына түсіп қалған.
Соңғы уақыттарда ШҚО-да облыс тұрғындарының ішінде сатып алушымен телефонмен сөйлескеннен кейін картадағы ақшасының азайып қалғанынан жер сипап қалғандар саны көбейіп кетті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА.

Ішкі істер департаментінен мәлім еткендей, облыстың 56 тұрғыны осындай кибер-қылмыскерлердің қармағына түсіп қалған. Олардың 12-сі картадағы ақшасының кемігенін байқаған. Қылмыскерлер шоттан 5000 теңгеден 1 млн 300 000 теңгеге дейін соманы шешіп алған. Қазір барлық факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігі бойынша сот алды тергеу жүріп жатыр.

«Алаяқтар өздерінің құрбандарын Интернеттен табады. Облыс орталығының тұрғыны екендіктерін айтып, Желіге (Olx, Kolesa.kz, Мarket.kz және т.б.) жылжымайтын немесе жылжымалы мүлікті сату немесе жалға беру туралы хабарландыру берген пәтер, көлік иелеріне қоңырау шалады. Олармен сөйлескенде, пәтер немесе көлік қатты ұнап қалғанын, ешқандай талабы жоқ екенін, бағасына да саудаласпай, толық келісетінін айтады. Әрі мүліктің ұнағандығына сендіреді», - деді полициядан.

«Әңгіме барысында таңдаған пәтерін немесе көлігін қазір көре алмайтынын, себебі іссапарда жүргенін, таяуда қалаға келіп мәмілені ресімдейтінін айтады. Сонымен қатар пәтер немесе көлікті сатып жіберетініне алаңдаушылық білдіреді. Толық сену үшін кепіл немесе алдын ала жарна ретінде ақша бөлігін аудару үшін олардың банктік картасын немесе нөмірін жіберуді сұрайды. Төлем картасының нөмірін немесе біржолғы парольді алған соң, екінші деңгейлі банктің интернет-банкингі арқылы шотқа қолжетімділік алады. Сенгіш азаматтарымыз «жылдам» әрі «тиімді» мәмілеге үміттеніп, сұраған деректерді салып жібереді. Артынша шотын толтырғанның орнына керісінше, картадағы ақшасының азайып қалғанын байқайды», - деп түсіндірді ШҚО ІІД.

Фото: inform.kz
Следите за новостями zakon.kz в: