Петропавл қаласының 34 жастағы тұрғыны полиэтиленді пакетпен есірткілік зат өткізбек болған жерінен құқық қорғаушылардың қолына түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Қалалық наркобизнеске қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері облыстық аппараттағы әріптестерімен бірге жедел іздестіру шараларын жүргізген. Операция барысында 34 жастағы жігіт ұсталды. Арнайы қызметкерлер оның жалға алған үйін тексере келе 4 түйіншекке оралған күдікті затты тауып алған. Сараптама қорытындысы бойынша табылған зат 10 грамм мөлшеріндегі героин болып шықты.
Тәркіленген героин аса ірі мөлшердегі есірткілік зат болып саналады. Арнайы қызмектерлердің айтуынша, героиннің осы мөлшері мектептегі екі сыныпты «инеге отырғызуға» жетерлік. Ұсталған азамат уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. ҚР ҚК 297-бабы бойынша сот алды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айыпталушының кінәсі дәлелденсе, ол 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. СҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері әр түрлі деңгейдегі 200 келіге жуық есірткілік зат тәркіленген. Оның ішінде 190 грамнан астамы героин болып отыр.
Фото: inform.kz