Ауыл күніне 1000 тона қымыран өндіріп, таңертең Шымкентке жөнелтіп отырады. Тұрғындары жаппай бір істі кәсіп ететін мұндай ауыл өзге өңірлерде кездесе бермес, деп жазады Замана газеті.
Мұндағы бар-жоғы 160 үйдің бәрі түйе ұстайды. Ауылда 1500-ден астам түйе болса, орта есеппен әр үйге 9 –10 бастан келеді.
Бір ерекшелігі, мұндағы түйелердің бәрі бір өркешті, қос өркешті түйе көзімізге түспеді. Оның себебі бар екен. Ауылдың тұрғыны, зейнеткер Күләш Орынбекованың айтуына қарағанда, алғашында бұл ауылға түйені соғыстан бұрынғы кезде Өзбекстаннан әкелген. Дәрілік дермене жусанын өндіретін колхоздың жүгін тасуға әкелген түйелердің ішінде қос өркештілері де, бір өркештілері де болыпты. Ал соғыс кезінде қос өркешті түйелерді майданға әкетіп, тек бір өркештілері ауылда қалған екен. Бұлар сол алғашқы бір өркешті малдың ұрпағы.
«Түйеге бала күнімнен бауыр басып өстім, – дейді Күләш апай. – Бой жете келе жеңгелеріммен бірге түйені сауатын болдым. Саналы – жантағы көп ауыл, түйе өсіруге өте қолайлы. Күніне үш рет сауып аламыз. Ұл-қыздарым мен немерелерім де түйенің бабын жақсы біледі. Мына қорада жүргендері – боталаған түйелер. Оларды бірнеше ай баптап, өзіне келтіреміз. Боталарды да аяқтанып, есейгенше қолда ұстаймыз. Өзге түйелер далада жүреді. Соңдарынан ілесіп сауамыз. Түйелеріміз аудандық малдәрігерлік бөліміндегі мамандардың бақылауында. Уақтылы келіп, қажетті екпелерді жасап тұрады».
Соғыстан кейін дермене шаруашылығы қайта жанданып, түйелер өзінің бұрынғы жұмысын жалғастырыпты. Олар Кеңес Одағы тарағанша қызмет етіпті. Содан кейін түйелер жекеменшік қолға өтіп, халықтың игілігіне жарай бастаған. Ауылдың тұрғындары түйенің басын көбейтуді, қымыранды саудаға шығарып, нәпақа табуды үйренген. Содан бастап ауылдың аты дәмі тіл үйірер қымыранымен белгілі болыпты.
Бір ерекшелігі, түйе бағуды ауыл тұрғындарының бәрі бірдей кәсіп етіп, ынтымақпен еңбек етіп келеді. Сырттан келген мал жоқ, бәрі де сол баяғы бір өркешті түйелердің жалғасы. Олар да осы ауылдың тұрғындарындай болып, адамдарға бауыр басып кеткен. Еркелеткенді біледі, жақсы сөзге семіреді.
Тұрғындар үшін түйе – жүн, ет, сусын беруші өмір өзегі. Бір түйенің құны шамамен 700 мың теңгені құрайды екен.
Фото: www.zamana.kz