Маңғыстау кардиологиялық орталығының хирургтері 1,5 келі салмақтағы сәбидің ашық артериялы өзегіне бірегей ота жасады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Анасы егіз қыз бала күткен. Алайда олар 31 аптасында туып қалып, бір қыз дүниеге келгеннен кейін екі аптадан соң шетінеп кетті.
Екіншісіне бірнеше күн бұрын ота жасалып, аман қалды.
«Нәресте 2 тамызда 1 келі 450 грамм салмақпен кардиологиялық орталықтың жансақтау бөліміне түсті. Туған кезде нәресте 1 келі 200 грамм болып туды. Қыз жүрек ақауына байланысты салмақты баяу жинады. Оның артериялы өзегі ашық болып, баланың дамуына кедергі келтірді. Содан жедел ота жасауға тура келді. Ота соғып тұрған жүрекке жасалғандықтан, өте қауіпті болды. Әрі бала шала туған. Өпкесі жетілмеген, әлсіз, салмағы аз - осы жағдайлар елеулі қиындық тудырды. Егер ота жасалмағанда, баланың аман қалуы неғайбыл еді. Бүгін отадан кейінгі 10-шы күні - баланың жағдайы жақсы. Ол отадан кейін 500 грамм қосты. Өсіп келеді, тамақ ішеді, жымияды. Ауруханаға түскен кезде қан құрамында сатурация 70% болған, қазір 99%. Егер осылай жалғаса берсе, сәрсенбі ауруханадан шығарамыз. Қан талдауы және барлық параметр бойынша нәрестенің жағдайы жақсы», - деді орталықтың кардиологы Әсел Серяковская.
Кішкентай қыздың есімі Ақнұр. Анасы Алтынай Қылышбаева, 1992 жылы туған. Ақнұр отбасының төртінші баласы.
Фото: inform.kz