Биыл Павлодар облысында алкогольдің кесірінен 19 адам өлімі орын алған

Түнгі уақытта спирттік ішімдік сатқан үшін 352 сатушы мен дүкен иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
2017 жылы жеті айдың ішінде Павлодар облысында ішімдік тұтыну салдарынан 19 адам өлімі тіркелген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ІІД-нің бастығы Марат Қожаев мәлім етті.

- Маскүнемдікпен күресу өзекті мәселелердің бірі болып қала береді, - дейді Марат Қожаев. - Спирттік ішімдік тұтынудың нәтижесінде 67 адамның денсаулығына аса ауыр зиян келтірілсе, 24 зорлық, 40 тонау, 173 ұрлық, 19 автокөлікті мініп кету, 7 алаяқтық және 25 бұзақылық фактісі орын алған. Осыған байланысты ащы су мен есірткіге тәуелді жандардың тұрғылықты мекенжайын аралау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі. Наркологиялық диспансерге 231 адам мәжбүрлі түрде айықтыруға жіберілсе, уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына 19414 адам орналастырылды. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 2140 адамға қатысты тұтқынға алу шарасы қолданылды.

Ведомство бастығының айтуынша, түнгі уақытта спирттік ішімдік сатқан үшін 352 сатушы мен дүкен иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алкоголь өнімдерін полимерлік құрастырылған ыдыста сату бойынша 29 факті анықталып, екі мың литрдей ішімдік алынған.

- Жалпы, 2017 жылы тіркелген құқық бұзушылық саны 25,3 пайызға немесе 2201 фактіге азайды. Соңғы екі жылдан бастап өңірде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық деңгейі төмендегенін атап өткен жөн. Мәселен, 2015 жылғы көрсеткіш 16 мың болса, 2016 жылы 13 мыңға азайған. Биыл бұл статистика 12 мыңға дейін төмендейді деп күтілуде. Аса ауыр қылмыстарды ашу бойынша Павлодар облысы (90,8 пайыз) елімізде екінші орынды алады. Жол көлік оқиғасының алдын алуға бағытталған шаралардың нәтижесінде жол апаты 2,7 пайызға, зардап шеккендер саны 9,7 пайызға және қаза тапқандар 38,6 пайызға азайды, - дейді Марат Қожаев.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: fishki.net
Следите за новостями zakon.kz в: