Алматыда ер адам энергетикалық сусынды қолдан жасап келген. Астыртын цех Шаңырақ шағын ауданында орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жасырын өндіріс орнын Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің өкілдері анықтады. Мекеменің баспасөз қызметі хабарлағандай, ер адам «Dizzy Energy» тауарлық маркасымен энергетикалық сусындарды қолдан жасап келген.
«11-тамызда жүргізілген жедел-тергеу жұмыстары барысында Алматы облысы МКД Экономикалық тергеу қызметінің өкілдері Алматы облысы Іле ауданында Қазақстан Республикасының азаматын ұстаған болатын, ұсталған азамат «Dizzy» тауарлық маркасымен контрафактілік сусынды Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында сатып келгендігі анықталды», - деді баспасөз қызметіндегілер.
Бұдан әрі жүргізілген тексеріс барысында Алматы қаласы Шаңырақ ықшам ауданында энергетикалық сусынды қолдан жасайтын астыртын цех анықталған.
«Ол арзанырақ лимонадқа лимон қышқылы мен түрлі түс беретін қоспаларды араластырып, 1 бөтелке лимонадтан 3 бөтелке «Dizzy» шығарып отырған. Өзінің тауарларын Алматы облысында сатып келген. Өндіріс орнынан «Dizzy» бос бөтелкелері, «Золотое Кольцо» сусындарының бос ыдыстары және қораптарды орауға арналған полителен рулондары тәркіленген болатын», - деді баспасөз қызметінен.
Қазіргі таңда ҚР ҚК 198-бабының 2-бөлігі сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Фото: inform.kz