Исі мұсылман үшін қасиетті құрбан айт мерекесі ұлық мереке. Ұлық мерекені жоғары деңгейде өткізу қажет. Осы орайда Маңғыстау облыстық орталық мешітте облысқа қарасты барлық деңгейдегі имамдардың кезекті мәжілісі өтті. Мәжіліске Маңғыстау облысының өкіл имамы Смайыл Сейтбеков төрағалық етті, деп жазады muftyat.kz.
Күн тәртібінде облыс бойынша атқарылған жұмыстар қорытындыланып, келе жатқан «Құрбан айт» мерекесіне Діни басқарма міндеттеген тапсырмаларды жоғары деңгейде атқару пысықталды. Құрбан айт мемлекеттік мереке. Осы күні ел халқы мереке күні ретінде демалады. Олай болса, мешітке келуші әрі құрбан шалушы жамағат саны көп болары анық. Сондықтан құрбан шалудың ережелерін насихаттау әрі шалынған құрбандық еттерін мұқтаж жандарға тарату мәселесі тапсырылды.
Діни басқарма тапсырмасына сәйкес айт күні мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жамағат арасында жарыс ұйымдастыру мәселесі де жоғары деңгейде өткізу қажеттігі тапсырылды.
Өкіл имам жиналыс барысында Маңғыстау облысынан Нұр-Мүбарак университетіне 28 талапкер жолданғанын, медреселер мен қарилар орталығына 63 талапкер жолданғанын айтты. Шәкірт жолдауда көбірек үлес қосқан имамдарға алғысын білдірді.
Қазіргі таңда имамдар үшін басты мәселенің бірі жат ағым өкілдерімен жұмыстану. Олармен жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, райынан қайтару өзекті болып тұр. Өкіл имам барлық имамдар осы мәселені өз деңгейінде атқаруды тапсырды.
Фото: muftyat.kz