Шымкентте жаңадан көпқабатты үйді тұрғызып жатқан құрылысшылардың бірінің басына кірпіш құлап кеткен. Ауыр жарақаттанған 46 жастағы жұмысшы сол жерде көз жұмған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА.
Өңірдің еңбек инспекциясының мәліметінше, қайғылы жағдай «Нұрсәт» шағынауданындағы құрылыс нысандарының бірінде болған. Құрылысшылар жұмыс жүргізіп жатқан кезде, аяқ астынан жел тұрып кеткен. Сол кезде желдің екпініне шыдас бермеген жоғары қабаттағы кірпіш сырғып кетіп, жұмысшының басына түсіп кетіпті.
Қайтыс болған құрылысшы Арыс ауданының тұрғыны екені анықталды. Қазір осы дерек бойынша полицейлер еңбек қауіпсіздігінің ережесін бұзу дерегімен қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ еңбек инспекциясы қызметкерлері де тексеру шараларын бастап кетті. Оның қорытындысы екі аптадан кейін белгілі болады деп отыр.
«Қайтыс болған қызметкерлер жаңағы жұмыс беруші тарапынан еңбек қауіпсіздігі шараларын жасағанын айтып жатыр. Бұл бойынша арнайы тексеру комиссиясы құрылып, тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оған дейін адам өліміне әкеп соққан қайғылы жағдайға кімнің кінәлі екенін нақты айту қиын», - дейді облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Бекмахан Нұрмаханов.
Еске салайық, дәл осындай қайғылы жағдай бір апта бұрын "Асар" шағын ауданында да болған еді. 29 жастағы жігіт жаңадан салынып жатқан тұрғын үйдің 8-ші қабатынан құлап, мерт болды.
Жалпы, жыл басынан бері оңтүстікте 77 жазатайым жағдай тіркелсе, одан 83 жұмысшы зардап шеккен. Олардың 42-сі ауыр дене жарақатын алып, 13-і мерт болған.
Фото: inform.kz