Бүгін латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізуге арналған парламенттік тыңдауда ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуxан "Назарбаевтың стилін" ерекше атап өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Өз сөзінде депутат қазіргі ақпараттық заман мәселесін көтеріп: "17 ғасырда өмір сүрген орташа адамның өмір бойы алған ақпаратын бір жарым, екі-ақ күнде алатын заман бұл. Осындай заманда өмір сүріп жатқанда уақыттың керуеніне ілесу қиынның қиыны, ағайын. Сондықтан болашаққа бағыттайтын жаңа бағдар керек болды. Басқаша көзқарас, терең тәсіл керек болды. Сол үшін биыл Елбасы жаңа мақаласын жариялады. Өзі мынау жұрт жапатармағай жағаласып-жанталасып жатқан кезде аттың тізгінін тарта тұрып, елдің есіне ештеңе келмей тұрғанда алты емес, алпыс қырдың астындағы нәрсені көру, көздеу - бұл ширек ғасырдағы Қазақстан саясатының қолтаңбасы. Былайша айтқанда, "Назарбаевтың стилі" бұл", - деп латын әліпбиіне көшу мәселесіне баса назар аударды.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан латын әліпбиін енгізуге үлкен дайындықпен келді. Сондықтан оған "саясаттың тонын" кигізудің қажеті жоқ. Ерте бастасақ, тым ерте болатын еді. Енді кешіксек, мол кешігеміз.
"Қазіргі латын әліпбиіне көшеміз деп, бастама көтеріп жатқанымыз соқыр тәуекел емес. Бұның барлығы зерттелген, қоғам талқысына салынған. Жасыратыны жоқ, аға буынға латынға көшу оңайға түспейді. Ал жас ұрпаққа түк емес. Қажеттілікке саясаттың тонын кигізбей-ақ қояйық, ағайын. Ашық сана, прагматизммен келгеніміз дұрыс деп ойлаймыз. Әліпбиді ауыстырған астананы ауыстырғаннан қиын емес. Әліпби ауыстыру жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға кілт бұрылғаннан қиын емес", - деп атап көрсетті Тілеуxан.
Фото: inform.kz