Түркістан, Кентау қалаларында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ғимаратында 2017 жылғы 8 қыркүйек күні Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасы аясында "Рухани жаңғыру: жастар журналистикасының әлеуметтік желідегі және веб-сайттардағы брендингі" тақырыбында елімізге белгілі бір топ журналистер оқу орданың «Журналистика» мамандығының студенттерімен, оқытушы-профессорларымен кездесу өткізді.
Ұйымдастырушы: облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі.
Кездесуге «Егемен Қазақстан» газетінің ОҚО меншікті тілшісі Ғ.Елшібай, Республикалық «Фотоөнер» қоғамдық ұйымының төрағасы, ҚазҰУ ұстазы, фототілші А.Әбдрайымұлы, «Алматы ақшамы» республикалық газетінің журналисі С.Сыбанбай, «Жас Алаш» республикалық газеті бас редакторының орынбасары О.Дәуіт, «Егемен Қазақстанның» Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Е.Байтілес, №41 мектеп-лицейдің мұғалімі, тарихшы, блогер Ө.Шыныбекұлы, Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Д.Жүнісов және бұдан өзге ақпараттық порталдардың редакторлары қатысты. Семинарды журналист Ғ.Елшібай жүргізіп, кездесу мақсатына тоқталды.
Шара мақсаты – Оңтүстік Қазақстанның медиа кеңістікте оң имиджін қалыптастыру, өңірдің басты брендтерін насихаттау, мемлекеттік органдардың имиджін арттыру, ресми веб-сайттардың рөлі.
Еркін кездесуде студенттер ашық пікірлерін, көзқарастарын білдіріп, сұрақтар қойды. Елдегі өзекті оқиғаларға, мамандыққа қатысты сауалдарына журналистер жан-жақты жауап берді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының идеологиялық бағытын түсіндіріп, сондай-ақ, жастарды рухы мықты адам болуға, туған жерін сүюге, әлеуметтік желідегі ақпараттың ақ-қарасын ажырата білуге шақырды.
Профессорлар С.Садықов, Б.Сердәлі рухани мәселе көтерген қаламгерлерге алғыстарын білдіріп, тақырыпқа қатысты өткір ойларын айтты. Журналистер өз кезегінде, азаматтық позицияларын анық жеткізген, әр сауалы мірдің оғындай сауатты, азат ойлы, өз көзқарасы, өз ұстанымы бар шәкірті бар ұстаздарға «ұлт тәрбиесі - өздеріңіз» деген жоғары баға берді. Нағыз қайнаған шығармашылық ортада өткен кездесу қызу пікірталасқа ұласып, өте қызықты өтті. Ғаламтордан ой-мұхиттың маржанын теруге үйреткен, қабілетті жастар бойында ұйқтап жатқан «ұлттық кодты» оятуға бағытталған шара маңызы зор болды. Рухани жаңғырудың жарқын жолындағы ұлттық құндылықтарымыз осылайша екі буын журналистердің басын қосты.
Фото:Е.Сердәлі