ОҚО-да ата-аналар балабақшадан балаларының аш қайтатынын айтып шағымданды

Бұл ұжымда келіспеушілік бірінші рет туындап отырған жоқ.
Түлкібас ауылындағы ата-аналар балаларымызды балабақшада аш ұстайды деп шағымданды. Бұл туралы stan.kz, “Отырар” жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

“Тіпті мұнда нан да жоқ. Күн сайын екі тілім нан береді. Май да болмайды”, – дейді “Алтын дән” балабақшасына балаларын берген ата-аналар.

Олардың айтуынша, мұндай сары майды ет сияқты тек мейрамдарда ғана береді екен. Сорпа мен жарманың құрамы да біп-бірдей, тым жұпыны. Ал мәзірде түрлі-түсті тамақ атаулары толып тұр.

“Қызым үйге қарны ашып келеді. Табалдырықтан аттай сала тамақ сұрайды. Үнемі сорпа мен жарма бере береді дейді. Өзге ата-аналар да дәл осыны айтады”, – дейді Жібек Ораева.

Түлкібас бекетіндегі жалғыз мемлекеттік балабақша жеті жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тәрбиешілер де тамақ тұрғысынан түйткілдің бар екенін жоққа шығармайды. Ал бұл мәселеге басшы дұрыс жауап та бермейтін көрінеді. Сонымен қатар, ұжымда негізсіз ақша жинала беретіні де анық болып отыр.

“Бір комиссия келсе болды ақша жинаймыз. 100 мың теңге жинап беру керек болса 30 адам ақша тастау керек. Зейнетақы төлемі үнемі салынбайды. Есепші айтқанымызға мән бермейді, ал бастық айғайлайды”, – дейді тәрбиешінің көмекшісі Малика Есенбаева.

“Көп адам өз міндеттерін атқара алмайды. Мен ескерту жасасам ол біреуге ұнамай қалады. Енді кемшіліктерді түзейтін боламыз”, – деді балабақша жетекшісі Гүлшат Беспаева.

Бұл ұжымда келіспеушілік бірінші рет туындап отырған жоқ. Үш жыл бұрын да қызметкерлер жетекшінің дөрекілігін айтып шағымданған екен.

Фото: stan.kz
Следите за новостями zakon.kz в: