Республика аумағында жүргізіліп жатырған «Көкнар» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында қызылордалық полицейлер өз үйінің ауласында құрамында есірткі заты бар сора өсімдігін егіп, баптау жұмысымен айналысып жүрген 57 жастағы азаматты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2017 жылғы 8 қыркүйекте Қалалық ішкі істер басқармасына белгісіз бір азаматтың үйінің ауласында сора өсімдігіне ұқсас өсімдікті егіп жүргендігі жайлы хабарлама келіп түседі. Тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, оқиға орнынан айғақ зат ретінде 72 түп шөптектес зат алынды.
Аталған затқа тиісті сараптама тағайындалып, қорытындысымен құрамында есірткі заты бар «сора өсімдігі» екендігі нақтыланды.
Қазіргі таңда, аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабы 2-бөлігімен Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, тиісті тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1960 жылы туылған азамат ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Фото: inform.kz