Мемлекеттік қызметтегі тәлімгерлік – кәсіптіліктің кепілі

Қазақстанның кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған мақсаттарына қол жеткізуде мемлекеттік басқарудың тиімділігі ерекше маңызды.
Жоғары кәсіптік мемлекеттік қызмет пен басқарудың тиімді құрылымын қалыптастыру міндеттерін жүзеге асыру ісі көп жағдайда мемлекеттік қызметшінің кәсіби шеберлігімен байланысты. Мемлекеттік қызметшіге тән болуы тиіс негізгі қасиеттер - жоғары жауапкершілік,кәсіби білім және оны жұмыста пайдалана білу, адалдық, адамгершілік,белсенді өмір ұстамы.

Соңғы кезде қоғамда тәлімгерлікке, нәтижелілікті арттырудың маңызды элементі және кәсіптілікті дамытуға мүмкіндік туғызатын әдіс ретінде көп көңіл бөлінеді. Бұл бірлескен жұмыс барысында тәлімгер мен мемлекеттік орган ұжымының жас маманды жүйелі тәрбиелеу жұмысы.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес тәлімгер – мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған мемлекеттік қызметшіге бекітілетін, оның кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсететін мемлекеттік қызметші.

Мемлекеттік қызметшілерді сынақ мерзімінен өтудің қағидалары мен шарттары және тәлімгерлерді бекітудің тәртібі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 21 қазандағы бұйрығымен бекітілген.

Тәлімгерлік жұмысының жұмысын жүйелі түрде жүргізу мақсатында мемлекеттік органда тәлімгерлер резерві құрылады. Оған мемлекеттік қызмет өтілі екі жылдан кем емес, жоғары кәсіби қасиеттерге ие, соңғы жыл бойы қызметін бағалауда «тиімді»-ден кем емес нәтижелері, тәрбие жұмысына бейімділігі және ұжымда беделі бар, сондай-ақ соңғы жыл бойы тәртіптік жазасы жоқ мемлекеттік қызметшілерден қалыптастырылады. Яғни, мемлекеттік қызметте тәлімгер болу абыройлы, беделді іс. Оның мемлекеттік қызметке алғаш орналасқан тұлғаның әрі қарай қызметте кәсіби қалыптасуының кепілі деп айта аламыз.

Атап айтқанда, тәлімгер қызметшіге таңдаған мамандығын игеруге көмектеседі, оған қызметтік міндеттерді түсіндіріп, оларды сапалы орындаудың әдістері мен тәсілдерін көрсетеді. Қызметшіге жұмысын тиімді жүзеге асырудың, сондай-ақ қойылған міндеттерді өздігімен шешудің оң үлгісі болып табылады. Оны ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысуға тартады, салауатты өмір салтын жүргізуге үгіттейді, жалпы мәдени және кәсіби зерденің дамуына көмектеседі, патриотизмге тәрбиелейді.

Тәлімгерге қойылатын басты міндет жас мемлекеттік қызметшінің бойында адамгершілік, жауапкершілік, бастамашылық, тәртіптілік, кәсіби шеберлік сияқты қасиеттерді қалыптастыру.

Бүгінгі күні Ақмола облысының мемлекеттік органдарында 392 мемлекеттік қызметші тәлімгерлер резервінде тұр. Бұл резерв кәсіби шебер, ұжымда беделі бар, үйрету, тәрбиелеу жұмысына бейімді мемлекеттік қызметшілерден құрылған.

Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында 222 жас мемлекеттік қызметші тәлімгерлікпен қамтылды.

Жас маман мемлекеттік қызметке орналасқан уақытта өзінің шешімін таппаған күрделі мәселесімен немесе жұмыстағы қиындықтарымен жеке қалмайды, оның мемлекеттік қызметке тағайындалған күнінен бастап сынақ мерзімінен толық өткен күнге дейін қасында әрдайым кәсіптіліктің кепілі болып табылатын тәлімгері болады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша
департаментінің басшысы,
Б.Беспалинов

Фото: www.m-astana.kz

Следите за новостями zakon.kz в: