Ақсулық бүркітші Бекболат Ысқақов «Сердца Павлодара» қоғамдық бірлестігінің өтініші бойынша қамқорлыққа алған құсты еркіндікке жібереді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Құсбегінің айтуынша, жыртқыштар тобына жататын қарақұстың жағдайы бүгінгі күні қалыпқа келген. Бұған дейін ұша алмаған жағдайда ұйықтатып тастау туралы айтылған. - Мұсылмандарға мұндай құсты ұстау харам болып есептеледі. Сондықтан әбден ұшуға шамасы келген кезде бостандыққа жіберемін. Тамақтануы жаман емес.
Тұздалған ет пен шұшық жемейді. Аңшылыққа шығып, даладан қоян ұстап беремін.
Бірлестіктен хабарласып, құстың күтімі туралы дұрыс білмейтіндерін және қамқорлыққа алуды өтінді. Обал болған соң алып, аяғына тұрғызып беруді жөн көрдім. Бұл кішкентай балапан құс, - дейді Бекболат Ысқақов.
Жыртқыш құстарды күту бойынша тәжірибесі болмаған соң, «Сердца Павлодара» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марина Гребенкина көмек сұрап, орман шаруашылығы мен Алматы қаласындағы «Сұңқар» құстарды оңалту орталығына жүгінген.
Дегенмен басқармада ветеринар мамандардың жоқтығына байланысты көмек көрсете алмаған. Ал баспананың өздігінен құсты шикі етпен тамақтандыруға мүмкіндігі болмаған. Новосібірлік мамандардың пайымдауынша, тас жолынан табылған құс «Қызыл кітапқа» енгізілген және түрі халықаралық конвенциялармен қорғалады.
Еске сала кетейік, Бекболат Ысқақов Ақсу қаласында көпқабатты тұрғын үйдің ауласында аңшылық құстар және тазы өсірумен айналысады. Бүгінгі күні үш қыран құсы мен жеті тазы ұстайтын құсбегі қазан айының соңында Астанада өтетін халықаралық турнирге Түзқара бүркітін баптауда.
Ақбота Сейсенбаева
Фото: Бекболат Ысқақов, Валерий Бугаев