Ақтөбеге 2011 жылы көшіп келген Күлжұмыровтар әлі құжатсыз жүр. Отағасы Махмуд Күлжұмыров оралман куәлігін алғанымен, квотаға ілікпеді. Оның жеке куәлігі жоқ, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Ақтөбе қаласындағы саяжайлардың бірінде тұратын отбасы айына 15 мың теңге таба алмай отыр. Пәтер ақысы 2 айдан бері төленбеген. Отағасы жұмыссыз жүр.
«Ұлым Ақтөбеде, келінім Өзбекстанда. Екеуі екі бөлек кетті. «Қара тізімге» ілігіп, 5 жыл бойы Қазақстанға кіре алмайтын болған. Бірақ ол балаларын іздемейді, біз жеке куәлік алсақ, оны аналық құқығынан айыру туралы арыз түсіргіміз келеді. Қазір төрт қыз мектепте, кішкентайы дайындық тобына барып жүр. Олардың мектепке қажеттерін демеушілер берді, кішкентайы апаларының киімін киіп жүр», — деді Тілләхан Ырзабаева.
Бұл отбасыда Ақерке, Әсемгүл, Айсұлу, Жанат есімді төрт қыз бар. Ақтөбеліктер демеушілік жасап, оларға үнемі көмек көрсетіп тұрады. Дегенмен, бұл отбасының бар арманы Ақтөбеге тұрақтау, баспаналы болу.
«Біз Ақтөбеде тұрғымыз келеді. Балам Махмуд Өзбекстанға қайтып баруды ойлаған емес. Ол жақта жұмыс жоқ, табыс табу қиын. Әрі балалар Ақтөбеге үйреніп қалды. Тек баспана проблемасы әзір шешілмей тұр. Ұлым Махмудтың жеке куәлігі де екі жылдан бері рәсімделмеді. Егер құжат болса, әлеуметтік жәрдемақы алып, балалардың киімі мен тамағына жеткізер едік», — деді Тілләхан Ырзабаева.
Бұл отбасы құжаттарын Өзбекстан елшілігіне жіберді. Құжаттарды рәсімдеу келесі жылға қалдырылған.
Мейрамбек Ермағамбет
Фото: Aktobenews.kz