Ғалымдар латын қарпіндегі қазақ әліпбиінде кириллицадағы кейбір әріптердің неге жоқ екенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Жазу реформасын қолға алғандағы мақсатымыз орыс тілінен енген кірме таңбаларды қазақша таратып жазу болатын. "Я" дегеніңіз қазақтың екі дыбысының тіркесі. Ал енді " ю" дегеніңіз қазақтың үш дыбысының тіркесі. Сондықтан алдағы уақытта әдістеме, оқулық арқылы түсіндіре отырып, осылай таратып жазатын боламыз. Сонда қазақ тілінің буын құрамы бұзылмайды. Үндесім әуезі, морфем құрамы бұзылмайды. Тағы сондай үлкен жетістіктерге жетеміз. Қазіргі кирилл негізіндегі көп сөдерімізі тілдің үндесім әуезін бұзып отыр", — дейді профессор Әлімхан Жүнісбек.
Оның айтуынша, осылайша тілімізге еніп кеткен орыс тілінің емле-ережесінен арылу мақсаты тұр.
"Орыс тіліне деген қарсылық емес бұл, мәселе төркіні бөлек орыс тілінің емле-ережесі мен әліпбиін төркіні бөлек қазақ тіліне алдық та кіргізіп жібердік. Керек десеңіз, кейінгі жастардың тілі де өзгеріп бара жатыр. Өйткені емле-ереже қазақи емес. Одан ешқандай қиындық болмайды. Керісінше біз қазақ сөзінің жазылым үлгісін өзінің айтылымына шақтап келтіретін боламыз", — дейді ол.
"Осы уақытқа дейін төл дыбыстарымыздың басы ашылған жоқ па деп ойлап қалуларыңыз мүмкін. Ашылған жоқ. Кез келген қазақтан "қазақ тілінде қанша дыбыс бар?" деп сұрасаңыз, 42 дейді. Әрине, оған ешкім кінәлі емес. Өйткені, мектептен бастап жоғары оқу орнына дейін күнде 42 таңба деп үйретіп жатса, олардың басқаша ойлауы, айтуы, жауап беруі мүмкін емес. Шындығында қазақ тілінде бар болғаны 28 дыбыс бар. Біз осы 28 дыбысқа латын әліпбиінің таңбаларын баптап, қабылдап алуымыз керек деген мақсат алдымызда барлық уақытта тұрды", — дейді ғалым.
Жаңа әліпбиді әзірлеген жұмыс тобы мүшелерінің бірі Ербол Тілешовтің айтуынша, таңба мен дыбысты айыра білу керек.
"Біздің үлкен қателігіміз 42 дыбыс бар деп жүрдік. Әңгіме содан туып тұр. "Ю" мен "я" –ны көптеген азамат дыбыс деп қабылдайды. Таңба бар, дыбыс деген бар, осыны біз айыра білуіміз керек. Орыстардың өзінде де бекітілген латын әліпбиі бар. Жұмыс әліпбиінің бекітілгеніне он жылдан асып кетті. Онда да "ю" мен "я" жоқ", — дейді Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры.
"Францияда Ницца деген қала бар, мысалы, орысша солай айтады. Француздарда "ц" деген әріп жоқ, дұрысы Нисса. Ағылшын тілінде цирк деген сөз жоқ, сирк деп айтады."Ц" орыстардың әрпі. Біз түп төркіні бөлек тілдің емле-ережесіне дағдыланып келдік", — дейді ол.
Айта кетсек, жұмыс тобы бірер күн бұрын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа жобасын ұсынған болатын. Бұл әліпбиде 32 әріп бар, диграфтар алынып тасталып, 9 әріп апострофпен жазылған.
Фото: sputniknews.kz