Сарыағаш ауданында биыл 9 мың тоннаға жуық жүзім жиналды

Бүгінде Сарыағаш ауданында жалпы көлемі 647,39 гектарды құрайтын 2530 жылыжай бар.
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында биыл 8781 тонна жүзім жиналды. Шаруалар орташа есеппен жүзімнің әрбір гектарынан 48,9 центнерден өнім алған. Ал биыл тамшылатып суару тәсілі енгізілген 450,7 гектар жүзімнің 283 гектар алқабы 1698 тонна өнім беріпті. Яғни, бағбандар жүзімнің әр гектарынан 70 центнерге дейін өнім жинаған. «Жүзімнің өнім беру мерзімі төртінші жылдан басталатынын ескерсек, аталған өнімділік жақсы көрсеткіш болып саналады» дейді сарыағаштық диқандар, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы бүгінде Сарығаш ауданында 1871 гектар алқапта жүзім өсіріледі. Оның ішінде 1420,3 гектары ескі, 450,7 гектары жаңа заманауи технология яғни тамшылатып суару тәсілі бойынша егіліпті. 450,7 гектар жаңа заманауи технология бойынша егілген жүзімнің 92,7 гектары асханалық, 358 гектары техникалық сорттар саналады. 2017 жылы ауданда 60 гектар егістік жерге тамшылатып суару тәсілі ендірілген.



Алдағы жылы аудандағы жүзімнің көпжылдық екпелерінің көлемі 1931 гектарға жетеді деген жоспар бар. Оның 563,7 гектары тамшылатып суару тәсілі енгізілген жүзім алқаптары болады деп күтілуде.

Бүгінде Сарыағаш ауданында жалпы көлемі 647,39 гектарды құрайтын 2530 жылыжай бар. Биылдың өзінде өңірде жалпы көлемі 56,39 гектарлық 82 бірлік жылыжай салынған.



Жыл сайын облыста 1 миллион тоннадан астам бақша өнімі жиналады. Бұл өңірдің ішкі қажеттілігінен 10 есе артық. Ал көкөніс 4-5 еседей көп егіледі. Былтырғы жылдың өзінде экспортқа 500 мың тонна ауылшарушылығы өнімі жіберілген. Күздегі мол өнім, биыл да елдің ырысын еселей түспек.

Осы жылы облыс диқандары жеміс-жидек өсіруде озық технологияларды, оның ішінде терең қопсыту әдісін қолдана отырып, үлкен көрсеткіштерге қол жеткізді.

Фото: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі


Следите за новостями zakon.kz в: