Жаңаөзенде автобус жүргізушісі кондукторды азаптап өлтірген

Жас жігіттің мәйітін көпқабатты үйдің жертөлесінен тапқан.
Маңғыстау облысында аса ауыр қылмыстың беті ашылды. 23 жастағы жігітті Жаңаөзеннің төрт тұрғыны қинап өлтірген, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі «Мой город» порталына сілтеме жасап.

Жас жігіттің мәйітін көпқабатты үйдің жертөлесінен тапқан. Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері аса ауыр қылмысқа қатысы бар деген 4 күдіктіні ұстады.

Белгілі болғандай, қаза тапқан жігіт автобустардың бірінде кондуктор болып жұмыс істеген. Ол жұмыс күні аяқталған соң барлық ақшаны алып, жоқ болып кеткен. Бірнеше күн өткен соң, оны автобус жүргізушісі тауып алады. Ол өзінің сыбайластарымен жігітті жалдамалы пәтерге алып барады.

«Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде төрт күдікті ұсталды. Олар жасаған қылмыстарын мойындап отыр. Айтуларынша, сол күні барлығы арақ ішкен. Ішімдіктен босаған бөтелкелерді жас жігіттің басына ұрып сындырыпты. Алған жарақаттары салдарынан жас жігіт қаза тапқан. Жігіттің денесін сол үйдің жертөлесіне тастап кетіпті. Екі күн өткеннен кейін жігіттің денесін полицейлер тауып алды», - деді Жаңаөзен полициясының қызметкерлері.

Аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлімінің 5,3,7 және 9-тармақтары бойынша («Кісі өлтіру») соталды тергеу басталды.

Полицейлердің айтуынша, егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар 20 жылға бас бостандығынан айырылады.

Фото: baq.kz
Следите за новостями zakon.kz в: