Павлодар облысы Ақсу қаласында кәріз коллекторындағы апат салдарынан техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланады. Жергілікті билік жуық арада осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды Baq.kz.
Қала әкімінің орынбасары Қаршыға Арыновтың хабарлауынша, кәріз коллекторының жоғары бөлігі біртіндеп жарылған. Бұл инженерлік жүйе өткен ғасырдың 70-ші жылдары соңғы рет жөнделген. Кәріз шаһардан 25 шақырымдық жерде орналасқан. Қазіргі таңда төтенше жағдайдың салдары арнайы техниканың күшімен жойылуда. Айта кетейік, апат салдаррынан Ақсу қаласында сумен қамту шектелді.
«Қазіргі таңда апат болған учаске жабық. Бүгінгі таңда әкімдік тарапынан техногенді сапиттағы апат болды деген қаулыға қол қойылды. Тиісті құжаттарды жинаған соң апатты учаскені оқшаулау мақсатында жауапты құрылымдарға ресми өтініш жолдаймыз. Бүгінгі таңда қалыпты режимді жұмыс істап жатырмыз», - дейді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Қаршыға Арынов.
Әкім орынбасарының сөзінше, қазіргі таңда кәріз бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Коллектор жүйесін реконструкциялауға 8 млрд. теңге қажет.
Мамандардың айтуынша, коллектордың 10, 15 және 30-шы шақырымдары мүшкіл жағдайда. Сондықтан, бұл учаскелері қыста сыр беріп, апаттың қайталануы мүмкін. Жалпы, Ақсу қаласында канализациялық желінің жалпы ұзындығы 32 шақырым.
Фото: baq.kz