Қазақ руханиятының қоржыны тағы бір кітаппен толықты

Кітап 6 бөлімнен тұрады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр ІІ» кітабының тұсаукесер рәсімі өттіэ Бұл туралы Zakon.kz, ҚМДБ-ның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

«Дін мен дәстүрдің» екінші бөлімінде салт-дәстүр туралы түсінік, дәстүрдің діндегі орны, ислам мен дәстүріміздің қабысатын тұстары жайлы жан-жақты мәлімет берілген. Кітап 6 бөлімнен тұрады. Балалық шақ, бала тәрбиесі, жігіттік шақ, отбасы салттары, дінге қатысты салттар, адамның дүниеден өтуіне қатысты ғұрыптар ислам дінінің құндылықтарымен астасып жатқанына дәлелді айғақтар жазылған.
Шараға зиялы қауым өкілдері мен дін қайраткерлері қатысып, келелі ойларын ортаға салды.

Халқымыз ислами құндылықтарды амал жасау арқылы дәстүрге айналдырған

Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти: Жамағат пен зиялы қауым өкілдері тарапынан «Дін мен дәстүр» кітабына қатысты жылы пікірлер айтылды. Бірінші кітап жарық көргенде оқырмандарға «Дін мен дәстүрдің» екінші бөлімін шығаруға уәде бергенбіз. Ғалымдарымыз кітаптың екінші бөлімін сараптамадан өткізіп, дайындап шықты. Бұл кітап 7 мың данамен жарық көрді. Алдағы уақытта 50 мың данамен шығарамыз. Барлық өңірлерге жеткізіледі. Дін мен дәстүр – халқымыздың сыртқы ықпалға төтеп беретін рухани иммунитеті. Қос қанатымыз. Бұл игі идея діни орта мен зайырлы қауымды бір мүддеге біріктірген көпірге айналды. Ұлт жанашыры Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дейді. Мінез деп отырғаны ұрда-жық мінез емес. Имандылық пен адамгершілікті айтып отыр. Ал, адам мінезін қалыптастыратын түпкі негіз дәстүр. Бұл туралы Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет» деп жазған екен. Ислам діні ізгі дәстүрлерді мансұқтамайды. Әрі дәстүрлеріміз исламнан бастау алатынын, онымен қабысып бүгінге жетіп отырғанын осы кітаптан көреміз. Халқымыз ислами құндылықтарды (әрбір аятпен, хадиске) амал жасау арқылы дәстүрге айналдырған.

Дін – дәстүрдің елегі

Нұрдәулет Ақышев, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы: Діни басқарма жанынан шығатын кітаптарды қарап отырамын. Байқайтыным шығып жатқан басылымдар сауатты. Қай жағынан алып қарағанда да деңгейі жоғары. Бірінші кітапта «Дін – дәстүрдің елегі» деген ой айтылған. Дін дәстүрдің қажеттісін, қажетсізін сүзіп алып қалады. Бұл идеяны Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да айтқан. Дәстүрдіңде озығы мен тозығы бар. Кітапта бұлда ескерілген екен. Екінші айтар ұсынысым отбасын құруға қатысты жеке кітап шықса екендеймін. Неге? Отбасын құруға қатысты мәселелерді толық қамтып өту өте маңызды. Сосын үйленуге қатысты жоралғылар бар. Мысалы, отқа май құю осы дұрыс па, бұрыс па? Ғалымдар осындай ырым-жоралғыларды жан-жақты саралап жеке кітап етіп халыққа ұсынса дұрыс болар еді.

Ұрпақ тәрбиесін ойлайтын болсақ мектептерде дәстүр пәнін енгізуіміз қажет

Қали Сәрсенбай, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы: Мұқағалидың «Дін – ғылымның атасы» деген сөзі бар. Бұл не деген сөз? Бұл дін ғылымның ғана атасы емес, мәдениеттің де атасы дегенді білдіреді. Жаны бар ой. Ислам мәдениеті мен құндылықтары бүкіл әлемді мойындатқаны белгілі. Дін негіздерін дәстүр арқылы сақтап қалған уақыттар болды. Оны тарихтан білеміз. Ислам барлық құндылықтардың бастауы. Егер мүмкіндік болса осы исламға қатысты кітаптар балаларға арналып жазылса деген ұсынысым бар. Барлық өркениетті елдерде осы дәстүр қалыптасқан. Үш шығыс елі бар. Қытай, Жапония, Корея елдерінің түпкі негізінде дәстүр жатыр. Бұл елдер дәстүр арқылы дамып отыр. Мысалы, Жапондар баланы 13 жасқа дейін өз тілі мен мәдениетімен сусындатады. Мұндай дәстүр бізде де бар. «13 жас отау иесі» дейді. Оған дейін баланы тәрбиелеп өсіреді. Бұл кітапта осы тұрғыдан құнды. Кітаптың балалық шақ, бала тәрбиесі, жігіттік шақ деген тарауларында көп тағылым бар. Егер біз ұрпақ тәрбиесін ойлайтын болсақ мектептерде «Дәстүр» деген пән енгізуіміз қажет.

Бұл кітап бақытқа апаратын баспалдақ

Нұржан Мұратәлі, прозаик, ҚР Жазушылар одағының мүшесі: Дін мен дәстүр дер кезінде жазылған кітап. Бұл кітаптың ішінде мен үшінде күтпеген жаңалықтар болды. Қоғамдық мәселелерді осы дәстүрмен ақ шешіп отырған. Әрі ол дінмен астасып жатқан екен. Ол дәстүрмен өмір сүрген адам бақытқа жетеді. Бұл кітап бақытқа апаратын баспалдақ.




Актау Актобе Алматы Кызылорда Нур-Султан Семей
Следите за новостями zakon.kz в: