Шығыстағы Жарма ауданына қарасты Шуақ ауылында жылыту орталығын салу үшін ел қазынасынан 2 миллиард 697 миллион теңге бөлінген. Алайда осыдан 7 жыл бұрын басталған құрылыс аяқсыз қалған, деп хабарлайды Хабар телеарнасы.
Ат шаптырым аумақты алып жатқан жылыту орталығының құрылысы 2011 жылы басталды. Құжат бойынша 2013 жылы аяқталып, Шуақ ауылының тұрғындары жылу шуағына бөленуі тиіс еді. Алайда бәрі аяқсыз қалды. Яғни қолданылмаған соң, тоза бастаған. Жылу орталығын салуға тендерді «СМП Алматы» атты компания жеңіп алады. Бастапқыда мердігер компания құрылысты қарқынды жүргізіп, жұмыстың 80 пайызын атқарған. Бірақ соңы сұйылып кеткен. Қаңырап бос қалған жаңа қазандықтың ғимараты біртіндеп бүліне бастаған. Мұндағы дүние-мүлік тоналып кетпес үшін күзетшілер құрылыс басталған 2011 жылдан бері қас-қақпай қарап жүр. Мәселен, бір мотордың өзі 1 миллион теңге тұрады. Күзетшілердің айтуынша, қымбат құрал-жабдықтардың бәрі орнында тұр. Тек пайдаланылмай, тоза бастағанына қынжылады.
Серікхан Мұрсахимов, күзетші:
– Қабырғаның бәрі жарылған. Енді арғы жағын жұлып жатыр. Жалғызтөбенің желі де өткір. Істі бітірсе, бәрімізге жұмыс болатын еді.
Құрылыс жұмысын аяқсыз қалдырған мердігер компания жетекшісінің қаржы жымқырғаны анықталды. Шетел асып кеткен жерінен ұсталған. Оған қатысты іс қозғалды. Ал аудандық құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысының да қаржылық құйтырқылыққа қатысы бар екені дәлелденіп, жазасын өтеп шықты. Қаржы жымқырғандар ұсталғанмен, қазандықты іске қосу үшін тағы миллиондаған теңге керек.
Нұрлыбек Нұрғалиев, Жарма ауданы әкімінің орынбасары:
– Жобалық-сметалық жұмыстарына түзетулер енгізу керек. Сондықтан бұл түзету бойынша қаражат бөлінуі тиіс. Сол қаражаттар 10-20 миллионға таяу болуы мүмкін.
Төрт қазандықтан тұратын орталық сағатына 6,5 гигакалория жылу шығарады. Шуақ ауылында қазір көп қабатты 9 үй, 4 түзеу мекемесі және бір орта мектеп бар. Жабық мекемеде жазасын өтеп жатқандарды есептемегенде, 1400 ғана тұрғыны бар шағын ауылға алып орталықтың қаншалықты қажет болғанын ешкім айта алмайды. Ал қазір ауылды жылытып тұрған қазандықтың қолданыс мерзімі өткен. Бірер жыл бұрын қазандық бұзылып, аязды күні бүкіл ауыл апталап жылусыз отырған. Сондықтан Шуақтағы тұрғындар ескі қазандықтың жағдайына қыс түскен сайын алаңдайды.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин
Фото: khabar.kz