Ақмола облысының дәрігерлері 39 жастағы көкшетаулықтың басына қадалған екі оқты алып, өміріне араша түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, өткен аптада Ақмола облыстық ауруханасына 1978 жылғы М.К Шангин есімді ер адам түскен. Науқастың мұрынның терең қуысына екі оқ қадалып қалған.
«Жағдай насырға шапса, науқас көзінен айырылып қалуы немесе көз жұмуы мүмкін еді. Дегенмен, дәрігерлердің біліктілігі мен кәсіби шеберлігінің арқасында науқасқа эндоскопия жолымен, яғни тіліксіз ота жасалынып, басына қадалған екі оқ алынды. Қазіргі кезде науқастың жағдайы ауыр, тұрақты», - деп түсіндірді Ақмола облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Дмитрий Чайков.
Ал, науқастың басына оқ қалай тиді? Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, зардап шегуші үйіне ылғи арақ ішіп келіп, жанжал шығаратын көрінеді.
Осындай жанжалдың бірінде ашуға булыққан 1947 жылы туған әкесі ұлын мылтықпен бас тұсынан екі рет атып жіберген.
«Қазіргі кезде, осы оқиға байланысты қылмыстық із қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - деді ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Фото: inform.kz