Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде бірінші курс жеткіншектерін студент қатарына қабылдау салтанаты өтті. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады.
Тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған, көпшілік қауым «ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы» деп ат қойып, айдар таққан Қыздар университеті 75 жылға жуық уақыт мерзімінде Қазақстанда педагогикалық кадрлар дайындауға сүбелі үлес қосып келе жатқан ұлағат ұясы.
Биылғы оқу жылында білім ордасына 43 мамандық бойынша 1633 студент қабылданды. Олардың 547-і мемлекеттік білім беру грантының иегерлері.
Дәстүрлі шараға университеттің профессор-оқытушылары мен есімі елге белгілі түлектері қатысты.
– Қош келдіңіздер, құрметті 1-курс студенттері! ХХІ ғасыр – жаңалығы желмен жарысқан, ой өрісі ғарышпен таласқан білімді жастардың ғасыры. Сіздер үшін өмірдің жаңа парақтары ашылғалы отыр. «Білім» атты ғажап әлемнің сырларын бойға дарыту үшін ерен еңбек етіп, зерек те зейінді, алғыр да тапқыр, білгір де білікті болатындарыңызға кәміл сенімдеміз. Қазақстандағы көшбасшы оқу орнына түсулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, білім алу жолындағы сапарларыңыз сәтті болсын! – деді салтанатты жиында сөз алған университет басшылары.
Сонымен қатар, кеш барысында педагогикалық оқу орнының қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген бір топ студентке арнайы Алғыс хат табысталды.
Өз кезегінде бірінші курс білімгерлері Қыздар университетінің студенті деген атқа лайықты болуға ант беріп, символдық «Студенттік билетке» ие болды. Қабылдау кешінің соңы оқу орнының өнерлі жастарының мерекелік концертіне ұласты.
Осы орайда айта кетейік, бүгінде университеттің 6 факультетіндегі 43 бакалавр мамандық бойынша, магистратурада 23 мамандық бойынша, 4 PhD мамандығы бойынша 9 мыңға жуық студент, магистрлер мен докторанттар білім алуда. Оларға 55 ғылым докторы, 230-дан астам ғылым кандидаты мен 90-ға жуық ғылым магистрі дәріс береді. 22 ұстаз «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегер