Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Тіл парасат» республикалық байқауы өтті. Қазақ тілін жетік меңгерген этнос жастары арасында ұйымдастырылған сайыс жоғары оқу орындарының студенттерінің арасында жүргізілді. Бұл туралы Қыздар университетінің баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады.
Шараны ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасымен Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы. Мақсат – қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, этнос өкілдерін ынталандыру және талантты жастарды анықтап, қолдау көрсету.
Байқаудың ашылу рәсімінде сөйлеген белгілі қоғам қайраткері, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директорының орынбасары Оразкүл Асанғазықызы осы тақілеттес сайыстар мемлекеттік тілдің көсегесін көгертуге зор ықпал ететіндігін жеткізді.
– Еліміз тәуелсіз ел атанғанына жиырма алты жылдың жүзі болды. Осы жылдар аралығында Қазақстан өтпелі кезеңді басынан өткергені барлығымызға белгілі. Тәуелсіздік жылдарында ең көп айтылған һәм жазылған тақырыптың бірі – мемлекеттік тілдің ахуалы. Десе де Кеңес Одағы тұсындағы жағдайға қарағанда шүкіршілік айтарлықтай. Бұл тарапта бірқатар шаруа атқарылып, нақты бастамалар қолға алынды. Істелген жұмыстар да жетерлік. Мемлекеттік тіліміздің мәртебелі тұғырына толық қонуы үшін біздің орталық та аянып қалмай, жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бұл іс-шара да соның бір парасы, – деді О. Асанғазы.
Байқауға 17-22 жас аралығындағы облыстық және қалалық іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары қатысып, бақтары мен баптарын сынады. Сайыс кезеңдерінде үміткерлер ұсынылған тақырып бойынша ауызша тұсаукесер, қазақша эссе жазу, диалог құру және «Шабыт жұлдызы» атты шығармашылық тапсырмаларды орындау бойынша бәсекеге түсті.
Қатысушылардың білімі мен білігін, өнері мен өресін белгілі филолог ғалымдардан құралған қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, Ш. Шаяхметов атындағы республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Оразкүл Асанғазы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева, Қазақ ұлттық салт-дәстүрлері академиясының профессоры, композитор Кентау Қуантайұлы және қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары Федерациясының вице-президенті Ғани Бейсембаев бар.
Тартысты өткен байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанғандар диплом, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Фото: strategy2050.kz