Карантинlife: қандай кітап оқимыз?

Психология ғылымы қазіргі заманда үлкен сұранысқа ие әрі кітап дүкендерінде алғашқы сөрелерде осы психологиялық еңбектер көш бастап тұрады.

Адамның өзіне құятын ең үлкен капиталы ол білім десек, білімнің қайнар көзі кітапта екені даусыз. Қазіргі гаджеттер мен смартфонның заманында «адамдар кітап оқымайды» деген даурығулардың бары рас. Десе де бұл шындыққа сәйкес келе бермейді.

Себебі деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта ең дамыған бизнес ол кітап саудасы мен баспа екен. Коронавирус індетінің барша әлемге таралуы салдарынан біраз бизнестің тұралап қалғаны жасырын емес. Десе де карантин уақытын ең сәтті де тиімді пайдаланудың әдісі ол – кітап оқу. Аталған мақалада оқырман қауымға өзін-өзі дамыту мен қалыптасқан таптаурындарды бұзуда, жаңа білім қорын жинақтауда негіз болатын әлемдік деңгейдегі кітаптарға тоқталып өткіміз келеді.

Әлеуметтану ғылымы өткен ғасырларда да болған, бірақ ХХІ ғасырда шарықтап дами бастады. Бұған себеп те жоқ емес. Себебі бәріміз өмір сүріп отырған орта әлеумет деп аталады. Сол әлеуметтің жетекші факторларын, негізгі ерекшеліктерін, кемшіліктерін зерттеуде әлеуметтану ғылымының берері мол. Белгілі ғалым Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз» кітабы әлеуметтік психологияны терең зерттеген ғылыми еңбек. Атап өтерлігі бұл маңызды еңбекті қазақ тілінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Аударма бюросы сөйлетті. Кітапта адам неге конформды яғни көптің пікіріне құлақ асқыш келеді, неге марапатқа яғни жазалау мен сый-құрметке басыбайлы, адам неге өзін-өзі ақтайды, ал агрессиясы нені білдіреді, сондай-ақ адамға тән жақсы көру, махаббат, тұлғааралық сезімдер туралы кеңінен қаузайды. Сондай-ақ Д.Бринкерхоф, Р.Уейтс, С.Ортега бірлесіп жазған «Әлеуметтану негіздері» атты ғылыми еңбек оқырман үшін өте құнды. Бұл ғылыми еңбекті де Ұлттық Аударма бюросы қазақ тіліне тәржімалаған. Мәселен, кітапта егер 100 мыңға жуық тұрғыны бар бір қалада 1 ғана адам жұмыссыз болса, оған жеке адамның өзі кінәлі, бірақ 50 миллион тұрғыны бар елде 15 миллион адам жұмыссыз болса, бұл қоғамның мәселесі яғни мұнда дұрыс жұмыс жасамаған үкімет жауапты деген зерттеу ұсынылады. Сонымен қатар мемлекетте балалардың нашар оқуы олардың білімсіздігі немесе әлсіз тұсынан емес, оған бірінші кезекте қаржылық қолдау мен елдің экономикасы ықпал етеді деген ой айтылады. Яғни баланың жетістіккке жетуі, табысты болуына мемлекеттің әлеуметтік басқаруының тигізетін әсері зор. Бұл әлеуметтік зерттеулер. Осыған саятын тағы бір мысал келтірсек. Мәселен, Ұлттық аударма бюросының кезекті аударған еңбегі Ювал Ноаһ Хараридің «Sapiens. Адамзаттың қысқаша тарихы» атты кітабында өзінің жеке бөлмесі бар бала мен жеке бөлмесі жоқ баланың арасындағы айырмашылықты атай келе, автор жеке бөлмесі бар балада тұлғалық қасиеттер жетік қалыптасатынын алға тартады. Хараридің бұл еңбегі жалпы әлемдік қауымдастықта ерекше бағаланды. Мәселен, Билл Гейтс «Елсіз аралға өзіммен бірге ала кететін он кітаптың бірі – осы шығар» деген пікір білдіреді. Шындығында, «Sapiens-тің» сіздің сана түкпіріңізде қалыптасқан таптаурынды ойларды тас-талқан етудегі қуаты мығым. Адамның пайда болуы немесе діни тұрғыда алғанда жаратылуы осы уақытқа дейін үлкен даулы тақырыпқа айналды. Ғылымға жүгінгендер Дарвиннің эволюциясын қос қолдарын көтере қолдаса, дінге иек артқандар қасиетті кітаптарды алға тартты. Аталған кітапта Харари өзінің жан-жақты әрі тұшымды зерттеулерін негіздейді. Адамзат баласы басынан өткерген сан қилы революциялар мен сіз бен біз білмейтін тарихтың ақиқат құпияларын алдыңызға жайып салады.

Психология ғылымы қазіргі заманда үлкен сұранысқа ие әрі кітап дүкендерінде алғашқы сөрелерде осы психологиялық еңбектер көш бастап тұрады. Бұл да тегін емес. Себебі адамға өзінің жан дүниесін тану, зерттеу өте қызық әрі бұл екі аяқты тіршілік иесіне тән инстинкт. Осы орайда «Қазіргі психология тарихы» атты еңбекті атап өткіміз келеді. Дуэйн Шульц пен Сидней Эллен Шульцтің ғылыми еңбегі ауыз толтырып айтарлық кең көлемді деректер мен ғылыми зерттеулерге ие. Оқырмандар бұл кітаптан Екінші дүниежүзілік соғыстың Америка психологиясының өсіп-өркендеуіне еткен ықпалы, психоаналитика ғылымының дамуы, адамзат еркіндігіне ықпал еткен тұлғалар және олардың сан қилы өмір жолы, гештальт-психологиясы т.б ақпараттарға қаныға алады. Әсіресе, психология саласында еңбектеніп жүргендерге таптырмас еңбек дер едік.

Сіз өзіңіз күнде ақпарат алып, сөйлесіп, коммуникация құратын тіл туралы білесіз бе? Тілдің сіз ойлағаннан да терең мәні барынан хабардарсыз ба? Тілдердің жойылып отыратыны, экспансия құралына айнала алатынына сенесіз бе? Бұл сауалдарға әркім іштей әрқалай жауап берер. Десе де бұның ғылыми негізделген жауабы бар. Оны белгілі швед ғалымы, лингвист Торе Янсонның «Тіл тарихы. Кіріспе» еңбегінен табасыз. Бұл кітапта тілдердің сонау өткен ғасырлардағы тарихынан яғни тілдер қашан пайда болды, жазу қашан пайда болды деген сұрақтарды негіздей келе үлкен тілдік топтардың қалай қалыптасқаны, тілдік экспансиялар, қазіргі қолданыста басым қолданылатын ағылшын, неміс, француз тілдері және олардың даму тарихы, тіл қаншалықты өміршең сынды тақырыптар қозғалады. Және ең бастысы баршаға қызық әрі жауапсыз сұрақ – алда не болады, екі жүз, екі мың, екі миллион жылдан кейін адамзат баласын не күтіп тұр, сол заматта да адам сөйлей бере ме әлде қалай деген күңгірт те қызық сауалға автор жауап береді. Егер тілге қатысты біліміңізді тереңдетем десеңіз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарияланған «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», «Тіл біліміне кіріспе», «Тіл-инстинкт» кітаптары бұған қолғабыс етеді.

Ал бизнес пен менеджмент саласына қызығатын жандар үшін «Ұйымдық мінез-құлық негіздері», «Технологиялық инновациялардағы стратегиялық менеджмент», «Стратегиялық менеджмент негіздері», «Халықаралық бизнес», «Маркетинг принциптері» атты кітаптарды алып оқуға болады.

Жоғарыда аталған еңбектер барша әлемде кең таралымға ие. Бірақ осыдан бірнеше жылдар бұрын жарияланып қойғандары да бар. Десе де білім алып, оқу еш уақытта кеш емес. Иә, қазіргі уақытта жеңіл-желпі тілде сізге өмір сүруді үйрететін, бағыт-бағдар сілтейтін психологиялық еңбектер, лидерлікке қатысты еңбектер т.б баршылық. Бірақ ғылым қай уақытта да құнды болған. Ол тікелей іс-тәжірибеге құрылады. Кітап оқу мәдениеті әркімде әрқалай. Бірақ жеке пікір мен өмірлік ұстанымды өзгелерге тану (кітап арқылы немесе т.б) бұл доминант болу немесе агрессия таныту деп аталады. Себебі өмірге мораль жүрмейтіні әлмисақтан белгілі. Атап өткен ғылыми еңбектерде бұл мүлдем жоқ. Ақиқат қашан да ащы келеді, оны қабылдау я қабылдамау оқырманның өз еркінде. Десе де оған қауышқыңыз келсе, бұл кітаптардың берері бөлек әңгіме.

Следите за новостями zakon.kz в: