Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды
«Электоралдық кезеңде азаматтардың конституциялық құқықтары мен сайлау заңнамасының сақталу мәселелері прокурорлар үшін жұмыстың негізгі басымдығы болып белгіленді. Үгітті қоса алғанда, дауыс берілетін күннің алдындағы барлық іс-шаралар ҚР сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес жүргізілгендігін атап өтеміз. Мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір заң бұзушылықтар анықталған жоқ», - дейді Н.Сүйіндіков.
Оның айтуынша, кей жағдайда сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттары бұзылды.
«Нақты айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының Зырьян ауданында прокуратура учаскелік сайлау комиссиясының төрағасына қатысты мәслихат депутаттығына кандидаттардың бірін қолдап, сайлау алдында үгіт жүргізгені үшін әкімшілік іс қозғады. Ол комиссия төрағасының міндетін атқарудан босатылды. Сондай-ақ, сот 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартты. Шымкент қаласының Қаратал ауданынында қала мәслихатының депутаттығына кандидаттың үгіт материалдарын бүлдіргені үшін қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, сайлауалды үгітті жүргізу шарттарын бұзу фактілері бойынша Астананың 3 тұрғынына заңды бұзуға жол берілмейтіндігі туралы алдын ала ескертулер жасалды», - деп хабарлады ол.
Ресми өкіл атап өткендей, прокуратура органдары сайлау заңнамасының бұзылу фактілері бойынша өзге қадағалау актілерін енгізген жоқ.
«Дауыс берілетін күннің алдындағы кезеңде Парламент Мәжілісі сайлауы бойынша прокуратура органдарына 3 өтініш қана келіп түсті. Жалпы, сайлау заңнамасын өрескел бұзу оқиғаларының болмауы, біздің пікірімізше, сайлау процесі барынша ашық және заңды өтіп жатқандығын білдіреді», - деді Н.Сүйіндіков.
Фото: today.kz