Қазақстан Республикасындағы сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуы мәселелері
Алматы қаласы Бостандық аудандық
сотының бас маманы -
Буркутбаев Бауыржан
Қазақстан Республикасындағы сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуы мәселелері
Қазақстан Республикасы өзін құқықтық, зайырлы, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы-адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жарияланғаны белгілі. Мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік, әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады.
Осы Конституциялық тұжырымға орай, мемлекеттік биліктің барлық институттарының үйлесімді істеуі ерекше маңызға ие болады, себебі билік тармақтарының келісе, түсінісе атқарған іс-қимылы ғана мемлекеттің, қоғамның, адам мен азаматтың өзара қарым-қатынасында баянды ынтымақтастыққа қол жеткізеді.
Қазақстан мемлекет құрылысының жаңаша қалыптасу, даму кезеңінде, келістілік жағдайында қызмет етудің басты құралы-мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының үйлесімді қызмет атқару қажеттілігі туындайды.
Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан, әсіресе Елбасының бастамасымен қарастырылып отырған шараларды атап өту қажет. Еліміз тәуелсіздікке ие болған уақыт ішінде бүкіл мемлекеттілікті, соның ішінде сот билігін қалыптастыру мен дамытудың рөлі орасан зор екіндігінде дау жоқ.
Сот-құқықтық реформасының басты мақсаты-сот жүйесінің беделін көтеру, өркениетті елдер сияқты адамдар өздерінің құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгіну салтын бірте-бірте нығайту.
Сот жүйесін мемлекеттік биліктің дербес тармағы ретінде зерттеудің бүгінгі деңгейі, осы мәселеге арналған бірқатар арнаулы ғылыми еңбектердің жарық көргеніне қарамастан, әлі де, зерттеуді қажет ететін тұстары көп екенін, ашылмаған қырлары мен сырлары бар құбылыс екенін ескеруіміз қажет.
Сот - құқықтық реформасының кезеңдері республикамыздағы 1993 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданған сот билігінің қалыптасуына жол ашты. Республикадағы сот билігі Конституциялық сотқа, Төрелік сотқа және Жоғарғы сотқа бөлініп заңмен ресми түрде бекітілді. Сол себепті, сот билігінің қалыптасуының бірінші кезеңі 1993-1994 жылдар аралығын қамтиды.
Сот органдарының негізгі міндеті, сот төрелігі міндеттерін жүзеге асыру болып табылады. Соттар сот төрелігін жүзеге асыру арқылы, сөзсіз, заңды және жеке тұлғлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Себебі, сот төрелігін жүзеге асыру - сот жүйесінің бірден-бір қызметі емес, сот органдары өзінің қызметінде сот бақылауы қызметін де жүзеге асырады, осы арқылы азаматтар мен мемлекеттік емес мекемелердің тарапынан мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол берілмейді.
Заңды баянды етілген сот төрелігінің принциптері өзінің нақты жүзеге асуын сот төрелігінің ұйымдастырылуы мен қызметінен табатындықтан, соттың ұйымдастырылуы мен қызметінің принциптері туралы айтып, зерделеуге толық негіз бар. Соттың ұйымдастырылуы мен қызметінің принциптері туралы ілім сот төрелігінің мәні туралы ілім болып табылады, себебі бұл принциптер өзінің нысаны жағынан сот төрелігінің елеулі ерекшеліктерін білдіреді және жалпы сипаттағы құқықтар болып табылады. Сөз болып отырған талаптар дамып, құқықтық қағидалар түрінде қоғамдық қатынастардың бүкіл бітім-болмысын және қажетті тәртібін айқындайды.
Аталған міндеттерге қол жеткізу үшін, сот төрелігін жүзеге асыру мен «сот басқаруы» саласына жататын қызметің арасына айқын шек қою және сот тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген әрекеттің жолын кесу қажет.
Сондықтан да қоғамды одан әрі демократияландыру, заңдылықты нығайту, мемлекеттің, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын іс жүзінде қамтамасыз ету міндеттері сот билігіне және сот төрелігі мәселелеріне айрықша көңіл бөлуді мейлінше талап етеді, өйткені бұл жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғау үшін, сот арқылы қорғауды жүзеге асыру абсолютті және шексіз болуы үшін қажет.
Қазақстан Республикасында соттың мемлекеттік билік тармақтарының бірі мәртебесіне ие болу сот жүйесі беделінің артуына жағдай жасады, сонымен бірге олардың адам мен азаматтың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметінің тиімді болуына сот билігі ерекше жауапты екендігі жарияланды.
20 қараша 2013 жылы Ел басы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде сөйлеген сөзінде: «Қазақта «билік айту оңай, біліп айту қиын» деген сөз бар. Әділ қазылық ету - кез-келген судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би адал, әділ болуы керек.
Сот төрелігінің әділдігі мен жедел, әрі толық орындалуы - кез-келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Ал, судьялар, сіздерден әрқашан жоғары біліктілік пен әділдік, адалдық талап етіледі.
Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам - ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз - дәл сондай қоғам құру» деп тұжырымдады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1 К.А.Мами Конституционная законность и судебная власть республике Казахстан: основные тенденции и приоритеты // Диссертация на соискание ученой степени доктора юридических наук.- Алматы: Қазақ университеті, 2003.- 235 б.
2 https://www.akorda.kz/ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде сөйлеген сөзі.