Алматы әуежайында 20 келі есірткі тәркіленді
Алматыда 3 бірдей контрафактілік әрекет тіркелді. Құзырлылардан құралған мобилді топ заңсыз жүк тасымалымен айналысқан бірнеше адамды тұтқындап, оларға қатысты қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ қырағы тексерушілер Алматыдан құжаты жоқ жүк сақталған 1 қойманы анықтапты, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Құжатсыз жүк тасымалымен айналысатындарды ұстайтын мобильді топтың құрылғанына 1 айға жуықтады. Құрамында Кеден, Кіріс департаментімен қатар, Экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілдері бар арнайы топ аз уақыт ішінде жұмыстарының нәтижесін көрсетіп үлгеріпті. Олар Кедендік декларацияда көрсетілмеген 10 тонна заңсыз тауар тиеп, Қытай мен Қырғызстаннан келген 2 жүк көлігін анықтаған. Сондай-ақ 3,5 тоннаға жуық заңсыз жиһаз бұйымдары сақталған уақытша сақтау қоймасын тауыпты. Қазір контрабандалық жолмен құжатсыз жеткізілген тауарлардың барлығы тәркіленіп, күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта осы 2 факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істің нәтижесі бойынша, сотқа жіберілгеннен кейін соттың шешімімен 500 айлық есептік көрсеткіштен 300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұлдар салынуы мүмкін. Болмаса, ол жерде бірнеше шаралар бар. Оның ішінде 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген",- деді Алматы қаласы МКД түсіндірме бөлімінің жетекшісі Еділ Әзімшайық.
Кедендік тексеру кезінде қалада тағы бір былықтың беті ашылды. «Жетісу» кедендік бекетінің мамандары транзитпен Германиядан Алматы арқылы Қырғызстанға есірткі тасымалдамақ болғандардың жолын кесті. Бақылау барысында қорап ішінен 20 келі «Фенциклидин» атты қауіпті зат табылған. Есірткінің бұл түрін шығару халықаралық бақылауда, сондықтан оны тасымалдау да қылмыстық әрекет болып саналады. Алдын ала тексеріс бойынша тәркіленген қауіпті зат Еуразиялық одақ елдеріне тасымалдануға жіберілген екен.
"Тексеру кезінде ішінде порошок тәрізді заттекті байқағандықтан, осы посылканы ары қарай тексеру барысына жібереміз",- деді - «Жетісу» Кеден бекетінің бас маманы Ерболат Ержанов.
Соңғы кезде Алматы арқылы өзге аймақтарға есірткі тасымалдау дерегі көбейген. Мәселен, былтыр қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық бақылау қызметіне есірткі тасымалының 38-і оқиғасы жіберіліп, сараптама тағайындалған. Ал, биыл жыл басынан бері 12 оқиға тіркелген.
Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов
Фото: www.profi-forex.org