Алматыда мас күйінде рөлге отырған 16 жүргізуші ұсталды
Жол ережесін ескермеген жүгенсіздер жауапқа тартылып жатыр. Алматыда "Қауіпсіз жол" акциясы өтуде. Полицейлер күшейтілген режімде жұмыс істеп, жүздеген тәртіп бұзған жүргізушіні жөнге салыпты., деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Алматыда инспекторлардың бұрышқа тығылып тұрып, көлікті тоқтатуына тыйым салынғаны белгілі. Үнемі қозғалысты бақылап көшеде жүріп, ережені бұзғандарды қолға түсіру тиіс. Еркінсіген есерсоқ жүргізушілердің ең алдымен қалтасы қағылып, айыппұл төлейді. Көше қозғалысының бүгінгі кезекшілігіне шыққан инспектор Елдос рейд кезінде толтырылатын айыппұлдардың саны екі есеге өседі дейді.
"Іс-шара кезінде екі есе көп айыппұл толтырамыз. Бір күнде 15-20 әкімшілік хаттама толтырылады. Себебі шара барысында барлық іс соған бағытталады",- деді Алматы қаласы ІІД ЖПҚ ЖПП инспекторы Елдос Айдосұлы.
Осы уақытқа дейін мұндай тексерулерді әкімшілік полиция басқармасы жүргізіп келген еді. Бұдай былай жедел іс-шараларды өткізу жергілікті полицияның құзырына беріліп отыр. Жол ережесіне пысқырып қарамайтын жүргізушілер көбейген. «Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында кешеден бері 1600 астам айыппұл толтырылды. Алайда қауіпсіздік ременін тақпаған, телефонмен сөйлескен немесе нөмірсіз жүрген көліктердің барлығын тоқатуға полицейлер үлгермей жатыр.
Жол сақшыларын көре тұра қымсынбай өтіп жатқан мына жүргізушілер соның айғағы. Қауіпсіздік белдігін тақпаудың сыртында жалған нөмірмен жүргендердің саны да аз емес. Үш күн ішінде көшедегі бейнебақылау камераларына анық көрінбейтіндей нөмір таққан 244 көлік кездесіпті.
Рейд барысында мас күйінде рөлге отырған 16 адам ұсталған. Көшеге шыққан қоғамдық көліктер де назардан тыс қалмайды. Инспекторлар автобус парктері мен автотұрақтарға, басқа да әртүрлі мекемелерге арнайы барып, жүргізушілер құрамымен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Фото: newskaz.ru