Павлодарлық қорықшы өзіне-өзі қол жұмсамақ болған екі ұрыны ажалдан алып қалды
Павлодар облысында Чернорецк орман шаруашылығының қорықшысы Серік Аймулдинов ұрлық жасалған дүкенде өзіне-өзі қол жұмсамақ болған екі азаматты ажалдан аман алып қалды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz
Бұл туралы Павлодар қаласы орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Айдар Жүсіпов мәлім етті.
Жергілікті учаскелік полицей ұрыларды қолға түсіру үшін жақын арадағы орманшыларға өтініш білдірген. Серік дүкеннің есігін бұзып кіргенде ұрылар қарсылық танытқан. Олардың бірі - өзінің мойынын, екіншісі - тамырын кесіп жіберіп, суицидтік әрекет жасаған. Алайда үрейге бой алдырмаған қорықшы дәрігерлер келгенге дейін дүкендегі памперстермен жараның аузын бекітіп, көмек көрсеткен, - деді А. Жүсіпов.
Соңынан 22 және 23 жастағы қос азамат Чернорецк ауылдық округіне қатысты Достық ауылының тұрғындары болып шықты. Айта кетерлігі, бұл дүкенге осымен үшінші рет шабуыл жасалып отыр. Алғашқы екі жағдайда да қарақшылар ұстатпай кеткен.
Абзал Қабдраш
Фото: kiev.segodnya.ua