Заңдарды мемлекеттік тілге аудару сапасына қатысты өзекті мәселелер

zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 06.05.2014 23:13 Фото: zakon.kz
Заң ғылымдарының кандидаты

Қазақ тілі - өзіндік әдеби, ғылыми және саяси жазу нормасы қалыптасқан бай тіл. Қазақ тілінің тарихы әртүрлі тарихи кезеңдерді бастан кешкен қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты. Біздің мемлекетіміз тәуелсіздік алғалы бері, мемлекеттің бастапқы қалыптасу кезеңінде мемлекеттік тілді дамытудың келешегін анықтайтын нақты стратегиясы қабылданған болатын. 1997 жылдың 11 шілдесінде № 151 «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның қабылдануы қазақстандықтар үшін маңызды тарихи оқиға болды. Заңның қабылдануы Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында бекітілген: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» нормасын нақтылап, мемлекеттік егемендіктің аса маңызды атрибуттарының бірі ретінде таныды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейде көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бірақ, соған қарамастан, әлі де болса шешілмей жатқан түйінді мәселелер баршылық. Атап айтқанда, елімізде қабылданып жатырған нормативтік құқықтық актілердің қазақ тілі нұсқасындағы мәтінінде қолданылған сөз тіркестері мен сөйлемдерді құрастыруда жіберілген кемшіліктер заңдағы нормалардың мәнісін түсініксіз етеді. Оның себептері келесідей:

Біріншіден, номративтік құқықтық актілердің түпнұсқалары орыс тілінде қабылданады, кейін қазақ тіліне аударылады. Қазақ тіліне аударумен заңгерлер емес, тіл білімінің мамандары айналысады. Сол себепті заң терминдері тікелей мағынада аударылып, мәнісін жоғалтады.

Екіншіден, Ана тілімізде жазылған арнайы заң әдебиеттерінің, оқулықтардың мардымсыздығы салдарынан, болашақ заңгерлерге мемлекеттік тілде дәріс, тәжірибе сабақтарын беру барысында оқытушы көптеген қиындықтарға ұшырасады. Соңғы жылдары оқулық тапшылығы мәселесі аударма басылымдардың арқасында біртіндеп шешімін тапқанымен, олардың басым көпшілігінің сапасы ешқандай сын көтермейді. Сондықтан, мемлекеттік тілде оқыту сапасын жақсарту үшін әрбір білім алушыны қазақ тілінде жарияланған оқу құралдарымен және инновациялық оқу-әдістемелік құралдармен (электронды оқулықтар, дәрістермен) жеткілікті қамтамасыз ету және оларды әзірлеу мен сапасын жоғарылату үшін авторларды материалдық ынталандыру қажет деп санаймыз.

Үшіншіден, ғаламтор жүйесінде мемлекеттік тілде ақпараттарды жариялау көлемі аз. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мекемелердің ресми сайттарында қазақша ақпараттардың көлемі аз және тұрақты жаңартылып отырмайды.

Төртіншіден, соңғы жылдары заң ғылымы саласында мемлекеттiк тiлде қорғалған кандидаттық және докторлық диссертациялардың жалпы санының ұлғаюы байқалады. Алайда, заң ғылымының жекелеген салалары бойынша зерттелмеген өзекті мәселелер баршылық. Сол себепті, отандық ғылымды, соның ішінде, заң ғылымы саласында зерттеулерді дамыту үшін мемлекеттік қолдау көрсету қажет.

Бесіншіден, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тілдегі мәтіндері сын көтере бермейді. Себебі, қазақ тіліндегі заң терминдерінің бірыңғай үлгісі жоқ болғандықтан, нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері әртүрлі терминдерді қолдана отырып аударылады, бұл заңды қате түсінуге әкеледі. Заң актілерінің де алдымен орыс тілінде жазылып, қазақшаға соңынан аударылуы бұл саладағы жағдайдың түбегейлі оңалуына септігін тигізбейді.

Қазіргі кезде тіліміздегі сөздердің күнделікті мағынасымен қатар терминдік мәні, мазмұны әр алуан. Қазақ тілінің байлығы, мағыналық көпнұсқалығы, синонимдік мағыналарының кеңдігі көркем әдебиетте мол мүмкіндіктер ашқанымен, өзіндік ерекше талаптарға сай ресми нысанда әзірленетін заң актілерінде белгілі бір қиындықтар туындатады.

Заңдық техника тұрғысынан келгенде әр сөз бір ғана мағынаны беруі қажет. Осыған сәйкес, ұлттық заңнама жүйесінде терминдердің бір мағынада түсіндіріліп, бірізділікпен қолданылуына қол жеткізу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Заң тілінің нақты, тиянақты, бір мағыналы болуы, оның қоғамдық қатынастарды нәтижелі реттелуінің, толыққанды жүзеге асырылуының маңызды кепілдіктерінің бірі болып табылады. Осы талаптардың іс жүзінде орындалуы әрқашан көңілден шыға бермейді. Басқа нормативтік құқықтық актілермен салыстырғанда, Негізгі заңның – Конституцияның өзінде заңдық техниканың тілге қатысты талаптары сақтала бермейді. Мысалы, Конституцияда бір сөздің бірнеше синоним сөздерімен жазылуы («құқы», «құқығы», «құқысы», «хақы», «хақылы», «хақысы»), бір терминнің орнына әртүрлі сөздердің қолданылуы («еркіндігі», «бостандығы»).

Қолданыстағы заңдардың қазақша нұсқасын зер сала оқысақ, оған негізінен мағыналық аударма емес, сөзбе-сөз аударма, ресми тіл емес, көркем әдебиет тілі тән екеніне көзіміз жетеді. Соның салдарынан заңның тілі әркелкі, терминдерді қолдануда бірізділік жоқ. Шынын айтқанда, қазіргі кезде заңдардың орысша нұсқасынсыз оның қазақша нұсқасын толық мәнінде дұрыс түсініп, дұрыс қолдану мүмкін емес. Кейбір сөздердің баламасының дұрыстығы күмән туғызса, кейбір сөздердің аудармасы, тіпті құлаққа оғаш естіледі. Кейбір латын тілінен енген заң терминдерін қазақ тіліне аударудың қажеті қанша? Неге сол терминді қалдырмасқа? Әйтпесе, нормативтік құқықтық актілерде заң терминдерінің бір емес бірнеше аудармасын кездестіруге болады. Мәселен, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің қазақ тіліндегі нұсқасын зер сала оқысақ, онда сөздердің қазіргі жазылу емлесін ескермеу, құқықтық мағынасынан гөрі көркем әдебиеттік сипаты басым сөздерді қолдану, стильдік үйлесімділіктің болмауы орын алған. ҚР Азаматтық кодексінің ерекше бөлімінде «интеллектуальная собственность» термині үш түрлі аударылған: «интеллектуалдық меншік», «санаткерлік меншік», «зияткерлік меншік» - бұл орысша мәтіндегі бір сөздің екі, үш сөзбен аударылуы.

ҚР Азаматтық кодексіндегі (Ерекше бөлім) 406-баптың 2, 3-тармақтарына сәйкес, орысша мәтіндегі «законодательные акты» деген сөздер түрліше аударылған, бір жерде «заң актілері», ал екінші бір жерде «заңнамалық актілер» деп берілген. Осы сөздердің мағынасы бірдей болғанымен, бірізділікті сақтау мақсатында Кодекстің толық мәтіні бойынша «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 2) тармақшасына сәйкес «заңнамалық акт» деп қолданылған орынды болар еді деп санайды мамандар. Сондай-ақ, «положения» және «правила» деген сөздер қазақ тіліндегі редакциясында «ережелер» деп бір сөзбен берілген. Алайда, «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес «положение» – «ереже», ал «правила» – «қағида» деп аударылады.

Жоғарыда аталған мысалдарды талдай отырып, заңдардың қазақша мәтіні орыс тілінен тікелей мағынада аударылған өнім ретінде қолданысқа ие болып жатырғаны келеңсіз жағдайларды қалыптастырып отыр. Конституция мәтінінде қолданылған терминдер заңдар мен заңға бағынышты актілерде бастапқы мағынасынан айрылып, орайы келген ыңғаймен қолданылып жүр. Жалпы, Конституция Негізгі Заң ғана емес, оның мәтініндегі заң терминдері Конституцияға бағынышты нормативтік құқықтық актілер үшін үлгі ретінде қолданылуы тиіс.

Бүгінгі күнге дейін бір мағынада түсініліп, бірізді қлданылатын қазақ тіліндегі заң терминдерінің қалыптаспауы ана тілінде дәріс алатын болашақ заңгерлер үшін мамандығын сәтті меңгеруіне кедергі келтіреді. Осы орайда болашақ заңгерлерге мемлекеттік тілде білім беру сапасын арттыру жолындағы бастапқы қадамды ресми құжаттардың, атап айтқанда, заң актілерінің тілінен бастаған жөн деп санаймыз. Сондықтан да заң терминдерінің бірыңғай үлгілерін қабылдап, онда латын тілінен енген терминдерді аудармай, сол қалпында қалдыру ұсынылады. Мемлекеттік тілдегі заң актілерінің сапасын көтеру үшін заңгерлер мен тіл мамандарының бірнеше мағынаға ие терминдерді біріздендіру мақсатында бірігіп жұмыла жұмыс істеуі керек.

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: