Қазақстанда жалақы қарызын өндіру жұмысы қызу жүріп жатыр
Прокурорлық қадағалау барысында жалақыға қатысты азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта «уақытылы жалақы» республикалық бағдарламасы жүзеге асырылып, оның аясында азаматтардың еңбек құқықтары мен оларды қорғау тәсілдерін түсіндіру бойынша ауқымды жұмыстар ұйымдастырылды.Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz
«Өткен жылдың басында экономикалық ахуалдың нашарлауына байланысты жалақы қарызы күрт өсіп кетті. 2015 жылдың 1 ақпанында берешек 1,2 млрд теңгеге дейін артса, 18 наурызда 185 кәсіпорында борыш көлемі 1,8 млрд теңгеге жетті», -деп мәлім етті А.Кравченко.
Әйтсе де оң көрсеткіштер жоқ емес. Мысалға, Бас прокурор орынбасарының айтуынша, өндіріс ошақтарының еңбекақы қарызы соңғы алты жылда едәуір төмендеген.
«2009 жылдың қыркүйегінде кәсіпорындардың жұмысшылар алдындағы жалақы берешегі 4,9 млрд теңгені құрады. Прокуратура қолға алған шаралардың нәтижесінде 2011 жылдың соңына қарай қарызды 1,8 млрд теңгеге дейін төмендеттік. Осыдан кейін жалақы берешегі біртіндеп азая бастады: 2012 жылдың бас кезінде 1,6 млрд теңгені құраса, 2013 жылы – 1,4 млрд теңге, 2014 жылы – 859,7 млн теңге, ал былтыр – 735,1 млн теңге», - деді А.Кравченко.
Еңбекақы қарызын өндіру мен берешектің одан әрі өсуіне жол бермеу прокуратура органдарының басым міндеттері болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыс үшін тек прокурорлар ғана емес, барлық өкілетті мемлекеттік органдар тартылды.
«Жалпы, өткен жылдың өзінде прокурорлық қадағалау актілерінің арқасында 76 мыңнан астам жұмысшыға 6,6 млрд теңге көлемінде жалақы қарызы өндірілді. Бұл өткен жылдардың борышы және бір жыл ішінде пайда болған ағымдағы берешек», - деді А.Кравченко.
Фотосурет: www.firestock.ru