Лента новостей
0

Қазақстанда медициналық сақтандыруды енгізуге сеп беретін Жол картасы әзірленді

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 04.02.2016 19:57 Zakon.kz
2016 жылдың ортасына қарай ҚР ДСӘДМ Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің базасында Медициналық сақтандыру әлеуметтік қоры құрылатын болады.

ҚР ДСӘДМ-де Қазақстанда медициналық сақтандыруды енгізу бойынша жобаны жүзеге асыру Жол картасы жасалды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы» тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz

Ол өз сөзінің басында Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Мемлекет басшысының тапсырмасы Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамының 80 қадамын жүзеге асыру және Денсаулық сақтау саласын дамытудың "Денсаулық" 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отырғанын еске салды. Президент «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына 2015 жылғы 16 қарашада қол қойды.

«Бүгінгі таңда «МӘМС жүйесін енгізу туралы» жобасын жүзеге асыру Жол картасы жасалып, бекітілді. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қызметкерлері мен мүдделі құрылымдар мамандарынан тұратын жұмыс тобы құрылды. Oxford Policy Mаnаgement пен Дүниежүзілік банктің халықаралық сарапшылары шақырылды. 2016 жылдың ортасына қарай ҚР ДСӘДМ Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің базасында Медициналық сақтандыру әлеуметтік қоры құрылатын болады. Оның ұйымдастыру-құқықтық формасы – коммерциялық емес акционерлік қоғам. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстанның Үкіметі болмақ», - деп хабарлады Елжан Біртанов.

Сонымен бірге, Вице-министр Қазақстанда енгізіліп отырған медсақтандыру жүйесі үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде жасалғанын атап айтты. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.

Ерекше санаттағы азаматтар (халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы) үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының 7% құрайды. Сонымен қатар мөлшерлеменің көлемі 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%-ға, 2023 жылдан 6%-ға, 2024 жылдан 7%-ға сатылай өсетін болады.

Жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі кірістің 5%-ын құрайтын болады. Аударым 2017 жылы 2%-ды, 2018 жылы 3%-ды, 2019 жылы 4%-ды, 2020 жылы 5%-ды құрайтын болады.

Қызметкерлер жарнасының мөлшерлемесі кірістің 2%-ын құрайтын болады, аударым 2019 жылы 1%, 2020 жылдан бастап 2% болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) олардың кірісінің 7% құрайтын болады. Ол 2017 жылы 2%, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 5%, 2020 жылдан бастап 7% болады.

Жұмыс берушілердің жарнасы корпоративтік табыс салығын есептегенде, қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарналары табыс салығын есептеу кезінде шегерілетін болады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері.

Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына:

- балалар;

- «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар;

- ҰОС ардагерлері мен мүгедектері;

- мүгедектер;

- жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар;

- интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар;

- техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО кейін білім алып жатқан тұлғалар;

- бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар;

- жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар;

- зейнеткерлер;

- ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер;

- уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар жатады.

«Жұмыс берушілер аударымы 2017 жылғы 1 қаңтардан, қордан қаржыландыру 2017 жылғы 1 шілдеден басталады. Жарналардың қажетті көлемде аударылуы салық органдарының құзырында болады. Жарналарды төлемеу және одан бас тартқан жағдайда айыппұл төлеу қарастырылған», - деді Елжан Біртанов.

Азаматтың медициналық сақтандыруын тексеру үшін медициналық ұйым қызметкері оның ЖСН нөмірін бірегей электрондық дерекқорға енгізу арқылы біле алады. Егер жарналары төленіп отырса, онда ол сақтандыру ұсынатын барлық қызметтерді қолдана алады. Егер болмаса, онда ол адамға медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көмек көрсетіліп, басқа шығындарды өз қаражатынан төлейтін болады.

«МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмек көлемі қорға енгізілетін жарна сомасына тәуелді емес екенін атап айту керек. Аударымдардың уақытылы төленіп тұруы жеткілікті. Көмек көлемі еңбекақыға байланысты емес. Біреуі ай сайын 5 мың төлесе, енді бірі 25 мың төлеуі мүмкін. Ең бастысы, екеуінің де төлеуші болып табылатыны және ауруханаға түскен жағдайда екеуі де бірдей қызмет түрлерін ала алатындығы. Әлеуметтік әділеттілік қағидасы деген осы», - деп атап айтты Вице-министр.

Брифинг соңында Елжан Біртанов сарапшылардың болжамы бойынша МӘМС-ті енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсетінін, сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болатынын мәлімдеді. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер ала алатын болады. МӘМС адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда өз қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес, азаматтарға медициналық қызметтің 2 түрлі пакеті ұсынылады:

Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Пакеттің құрамына жедел-жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік мәні ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді.

2020 жылға дейін өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған тұрғындарға республикалық бюджеттің есебінен амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етілетін амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған.

Екіншісі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру Қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған абулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік мәні бар ауруларды есептемегенде), стационарлық көмекті алмастыратын көмек (әлеуметтік мәні бар ауруларды есептемегенде), қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және мейірбикелік қарау мен жоғарғы технологиялық көмек кіреді.

Аталмыш пакетті алу құқығы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы ҚР азаматтарына, ҚР аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі. Жоғарыда аталған пакеттерге қосымша, ерікті сақтандыруға қатысқан азаматтар медициналық қызметтерді жеке сақтандыру компанияларымен жасаған келісімшарт негізінде алатын болады.

Фотосурет: today.kz


Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: