Лента новостей
0

Президент әкімдер мен ректорлардың есеп беру кездесулерін өткізу туралы Жарлыққа қол қойды

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 09.02.2016 17:10 Zakon.kz
Жарлық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме беріп.

«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 10, 17 және 21-баптарына сәйкес және қоғамды одан әрі демократияландыру, халықты елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар ету, атқарушы органдардың және ұлттық жоғары оқу орындарының халық алдындағы ашықтығын, жауаптылығын, есептілігін арттыру мақсатындағы қаулы ҚР Президентінің ресми сайтында жария етілді.

Қаулыға сай орталық атқарушы органдардың (Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігін қоспағанда) басшылары жыл сайын, екінші тоқсан ішінде өңірлермен бейнеконференцбайланысын ұйымдастыра отырып, жұртшылық өкілдерімен есеп беру кездесулерін өткізсін, олардың барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, әлеуметтік-экономикалық даму, стратегиялық жоспарлардың түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу мен тиісті салаларды дамыту жөніндегі міндеттер туралы хабардар етсін.

Барлық деңгейдегі әкімдер жыл сайын, бірінші тоқсан ішінде халыққа есеп беру кездесулерін өткізсін, олардың барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, аумақтарды дамыту бағдарламаларының түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу, оны әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын айқындау бөлігінде жергілікті бюджеттердің жобаларын қалыптастыру процесі туралы хабардар етсін.

Ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары жыл сайын, үшінші тоқсан ішінде халықпен, оның ішінде ата-аналармен, білім алушылармен, жұмыс берушілермен, ғылыми-педагог жұртшылықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен білім беру, ғылыми-зерттеу және тәрбие қызметінің мәселелері бойынша есеп беру кездесулерін өткізсін.

Орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін дайындауға және өткізуге Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын қоғамдық кеңестер тартылсын.

Орталық және жергілікті атқарушы органдар есеп берулер өткізілетін күнге дейін кемінде күнтізбелік 10 күн бұрын орталық және өңірлік баспасөз бұқаралық ақпарат құралдарында және ресми интернет-ресурстарда есеп беру кездесулерін өткізу кестелерін және алдағы есеп берулерге халықтың сұрақтары мен ұсыныстарын жолдау тәсілдері туралы ақпаратты жарияласын.

Орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары есеп беру кездесулері аяқталған күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей, орталық атқарушы және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында есептерді және есеп беру кездесулерінде халық көтерген проблемалық мәселелердің тізбесін, оларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылдау мерзімдерін көрсете отырып, орналастыруды қамтамасыз етсін.

Есеп беру кездесулерінде халық көтерген проблемалық мәселелердің шешілу барысы туралы ақпарат тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күніне қарай орталық және жергілікті атқарушы органның ресми сайтында орналастырылсын.

Ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары есеп беру кездесулері аяқталған күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей, өз интернет-ресурстарында есептерді және есеп беру кездесулерінде көтерілген проблемалық мәселелердің тізбесін, оларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылдау мерзімдерін көрсете отырып, орналастыруды қамтамасыз етсін.

Орталық атқарушы органдардың басшылары және Астананың, республикалық маңызы бар қала мен облыстардың әкімдері төмен тұрған әкімдер кездесулерінің есепті жылдағы қорытындыларын ескере отырып, халыққа есеп беру кездесулері өткізілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей, олардың нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін және Үкіметін хабардар етсін.

Ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары есеп беру кездесулері өткізілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей, олардың нәтижелері туралы білім және ғылым саласындағы орталық уәкілетті органды хабардар етсін.

Білім және ғылым саласындағы уәкілетті органның басшысы ұлттық жоғары оқу орындары ұсынған ақпаратты алған күннен бастап бір айдың ішінде есеп беру кездесулерінің нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін және Үкіметін хабардар етсін, делінген құжатта.

Жарлыққа сай Қазақстан Республикасының Үкіметіне жүктеледі:

1) орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының есеп беруінің үлгілік нысандарын дайындауды және бекітуді;

2) жыл сайын, 15 қаңтарға қарай орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халық алдында есеп берулер өткізу кестесін дайындауды және бекітуді;

3) ұлттық холдингтер мен компаниялар басшыларының орталық атқарушы органдар басшыларының есеп беру кездесулеріне қатысуын;

4) Қазақстан Республикасының Үкіметі мүшелерінің, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар басшыларының облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулеріне қатысуын;

5) орталық атқарушы органдардың, ұлттық холдингтер мен компаниялардың ресми интернет-ресурстарында әкімдердің халықпен есеп беру кездесулерінің қорытындысы бойынша халық көтерген мәселелердің қатарынан өз құзыретіне кіретін проблемалық мәселелердің тізбесін орналастыруын;

6) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша халыққа есеп беру кездесулерінде көтерілген проблемаларды шешу жөніндегі шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

Жарлық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Фото: thenews.kz

Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: