Алматыда бейнекамералардың арқасында ұрлық-қарлық азайған
Биыл Алматының Алмалы, Әуезов және Бостандық аудандарында қосымша бейнебақылау камералары орнатылады, деп хабарлайды BNews.kz.
Арнайы талдау жүргізген полиция қызметкерлері ауданда халықтың қаншалықты тығыз орналасқандығын, көп пәтерлі тұрғын үйлердің саны мен «Қауіпсіз аула» қалалық бағдарламасын жүзеге асыру кезіндегі тәжірибені ескерген.
«Болжам бойынша, Алматының үш ауданы – Алмалы, Әуезов және Бостандықта биыл кем дегенде 210 тұрғын үйде бейнекамера орнатылады. Жалпы қала бойынша тағы 2 мыңдай ауланы бейнежүйемен жарақтандыру жоспарланып отыр, ал қоғамдық орындарда қосымша 1 мыңнан аса камера орнатылмақ», - деді Алматы ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы Жасұлан Бәйкенов.
Сондай-ақ ІІД «Қауіпсіз аула» және «Қауіпсіз қала» қалалық бағдарламаларын жүзеге асыру барысында 7 мың нысан мен 3 мыңдай аулада, яғни төрт мыңға тарта көп пәтерлі үйге 54 мың бейнекамера орнатылғанын хабарлады. Айта кетсек, камераларды орнатуға бюджет қаражаты жұмсалмаған.
Бүгінде Алматы полициясы бейнебақылау жүйесінің тиімділігін нақты мысалдармен көрсетіп отыр: өткен жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық орындардағы ұрлық 5%-ға, пәтер ұрлығы 12,5%-,ға, қарақшылық пен тонау тиісінше 14,2% және 9,6%-ға азайған.
Фото: electric-tolk.ru