Ақтөбе облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында 21 мың адам жұмысқа тұрды
2015 жылы Ақтөбе облысында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында 21 000 адам жұмыспен қамтылды. Бұл туралы Ақтөбе облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.
Жұмыссыздық артуына жол бермеу мақсатында аймақта халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша Кешенді жоспар жасалды. Құжатта жаңа жұмыс орындарын ашу және «Бизнестің жол картасы-2020», «Өңірлерді дамыту бағдарламасы», «Саламатты Қазақстан», «ЖҚЖК 2020» сынды мемлекеттік және салалық бағдарламалар арқылы жұмыссыздарды қайта оқыту мәселелері қамтылған.
«2015 жылы Кешенді жоспар бойынша 16 151 адамды жұмыспен қамту жоспарланды. Нәтижесінде жоспар 129,6%-ға орындалып, 20 925 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 19 790 азамат тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылды. Олар тек жаңа жұмысқа қол жеткізіп қана қоймай, сондай-ақ еңбек нарығындағы сұраныстарға сай жаңа мамандықты меңгеріп шықты»,- дейді Ақтөбе облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жетекшісі Алтынбек Әмірғалиев.
Фото:your-happy-life.com